«Жоқ, көңілім толмайды. Біз үш ұпай алуымыз керек еді. Жақсы ойнадық, екі гол соқтық. Бұл жеңіске жетуге жеткілікті болуы тиіс еді. Бірақ, өкінішке қарай, қызыл қағаз алдық. Соның салдарынан екінші таймда қатты қысымға түстік. Дегенмен, бұл матчта біз жеңуіміз керек еді деп есептеймін», - деді Самуэльсен.
Ол екінші сары қағаз көрсетілген сәтке де пікір білдіріп, эпизодты анық көрмегенін жеткізді. «Нақты көре алмадым. Бірақ егер бұл тактикалық фол болса, онда сары қағаз орынды. Эпизодты толық аңғармаған соң, төрешінің шешімімен келісуге тура келеді», - деді футболшы.
Самуэльсен құраманың бірқатар ойыншысы футболды басқа жұмыспен қатар алып жүретінін де растады. «Иә, рас. Фарерде кейбір жігіттер футболды басқа жұмыспен қатар алып жүреді. Дәл кімнің немен айналысатынын нақты білмеймін, бірақ олардың негізгі жұмысы бар екені - факт», - деді ол.
Стадион мен алаң сапасына қатысты ойыншының бағасы оң болды. «Бәрі керемет. Стадион жақсы, алаңның сапасы да қалыпты. Сондықтан маған бәрі ұнады», - деп атап өтті Самуэльсен.
Топтағы жағдайға тоқталған вингер төрт ұпайдың жаман көрсеткіш емес екенін, бірақ кем дегенде бір ойында жеңіске жету керек болғанын айтты. «Негізі, біз кем дегенде матчтардың бірінде жеңуіміз керек еді, бірақ қазіргі жағдай да соншалықты жаман емес. Келесі ойында жеңсек, екінші орын алып, әрі қарай өтуге мүмкіндігіміз бар. Бәрі өз қолымызда», - деді ол.
Сондай-ақ Самуэльсен күнтізбенің қиындығы мен ұзақ ұшудың әсері туралы сұраққа жауап берді. «Қысым болды деп айта алмаймын. Әрине, ұзақ ұшу шаршатады, бірақ бәрі қалыпты өтті. Бүгін энергиямыз жеткілікті болды, сондықтан бұл үлкен мәселе болған жоқ», - деді футболшы.
Еске салайық, УЕФА Ұлттар лигасының төртінші турында Қазақстан құрамасы өз алаңында Фарер аралдарымен 2:2 есебімен тең ойнады. Аки Самуэльсен бұл матчта негізгі құрамда алаңға шығып, 82 минут ойнады.
