Q Football

Словакия бапкері Молдова құрамасының Астанадағы жеңісіне тәнті болды

Словакия бапкері Молдова құрамасының Астанадағы жеңісіне тәнті болды

Словакия ұлттық командасын басқаратын Владимир Вайсс Ұлттар лигасындағы өзара кездесу қарсаңында бірнеше күн бұрын қазақстандықтарды сырт алаңда ұтқан қарсыласы жайлы ой бөлісті. Маманның сөзін Moldfootball.com жеткізді.

«Алаң иелері Қазақстандағы ғажап жеңістен кейін өз мүмкіндігін сезініп отыр. Сондықтан топтағы жағдай дәл қазір осындай, бәрі әлі ашық. Меніңше, Молдовада көптен бері алғаш рет стадион лық толады. Бапкерлік мансабымда мұнда үшінші рет жұмыс істеп тұрмын. Жергілікті жанкүйерлердің қандай екенін жақсы білеміз», — деді Вайсс.

Молдова мен Словакия бүгін Кишинёвтегі «Зимбру» стадионында кездеседі.

Еске салайық, 2 қазанда фаворит саналған Қазақстан құрамасы «Астана Аренада» молдовалықтардан күтпеген жерден 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Бүгін Джон ван 'т Схиптің шәкірттері өз алаңында тағы бір ойын өткізеді: Ұлттар лигасының төртінші турында олар Фарер аралдары құрамасын қабылдайды.