Ташкенттік «Пахтакор» сырт алаңда «Хорезмді» 1:0 есебімен жеңді. Елордалық клуб алаң иелерінің қарсылығын еңсеріп, өткен турда «Нефтчиден» жеңілгеннен кейін маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Команда 56 ұпай жинап, ферғаналықтармен арадағы айырмашылықты екі ұпайға дейін қысқартты. Алайда «Пахтакор» қарсыласынан бір матч артық өткізді.
«Навбахор» да кезекті кездесуін сәтті өткізіп, өз алаңында «Әндіжанды» 1:0 есебімен тізе бүктірді. Намангандықтар қатарынан екінші жеңісіне жетіп, ұпай санын 52-ге жеткізді. Ал қонақтар үшін бұл чемпионаттың күзгі бөлігіндегі кезекті сәтсіздік болды.
Самарқандтық «Динамо» сырт алаңда «Машъалды» 3:0 есебімен сенімді жеңді. Қонақтар турнирлік кестенің соңғы сатысында тұрған қарсыласының қиын жағдайын тиімді пайдаланды. Мүбәрак қаласының командасы 26 кездесудің 24-інде жеңіліп, небәрі төрт ұпай жинаған.
Турдың тартысты кездесулерінің бірі «Локомотив» пен «Алмалық» арасында өтті. Қонақтар 2:1 есебімен басым түсті. «Алмалық» футболшылары шабуылдағы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, Ташкенттен үш ұпаймен оралды. Ал алаң иелері тікелей бәсекелесіне есе жіберді.
«Насаф» сырт алаңда «Сурхонды» жеңе алмады. Термезде өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Қаршылықтар маңызды ұпайлардан айырылса, алаң иелері жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалу жолындағы қоржынын тағы бір ұпаймен толықтырды.
«Соғдиана» мен «Бұхара» да жеңімпазды анықтай алмады — 1:1. Бұхаралықтар қатарынан екінші рет тең ойнаса, Жизақ қаласының командасы тағы да жеңіске жете алмады. Қарсыластар бір-бір голдан соққанымен, үш ұпайды ешқайсысы еншілей алмады.
«Қоқан-1912» мен «Қызылқұм» арасындағы кездесу голсыз аяқталды — 0:0. Екі команда да өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай, ұпай бөлісті. Турнирлік кестенің төменгі бөлігінде орналасқан қоқандықтар үшін бұл өз жағдайын жақсартудың кезекті жіберіп алған мүмкіндігі болды.
Турнирлік кесте: 1. «Нефтчи» — 58 ұпай, 2. «Пахтакор» — 56, 3. «Навбахор» — 52. Толық кесте осында.
Сұрмергендер: 1. Дориев — 15 гол, 2. Перица — 14, 3. Абдухоликов — 13. Толық тізім осында.
Ассистенттер: 1. Дориев — 9 ассист, 2. Искандеров — 9, 3. Рашан — 9. Толық тізім осында.
