«Бірінші таймда ПСВ екі аяғымызды бір етікке тықты. Өте нашар тайм көрдім. Аналитиктер маған үш-төрт қарапайым қате тауып берді.
Ал екінші таймда алаңға Беллингем шықты. Джуд ойынға ерекше дем берді. Содан кейін біз ойынды толықтай бақылауға алдық. Шабуылшылар оянып, футболдан ләззат ала бастады. Нәтижесін көріп отырсыздар»,– деді Жозе.
Сондай-ақ Моуринью Джудтың өзіне тоқталып, шәкіртін мақтап өтті.
«Беллингем менің арқамда осылай ойнап жүрмін дейді. Әрине бұл сөзі мені қуантты, бірақ онымен келіспеймін. Джудтың ғаламат ойынына өзі себепкер.
Керемет ойыншы, әлемнің үздік жартылай қорғаушысы екеніне титте болсын күмән жоқ. Позиция талғамайды. «Ондық», «сегіздік», тіпті тұтқауыл рөлдерін атқара береді. Осыған дейін айтқанымдай, Джудтың «Алтын доптың» үздік ондығына кірмеуі – масқара жағдай. Беллингем – сұмдық футболшы»,– деді Моуринью матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Мадридтің клубы Беллингемді 2023 жылы «Боруссиядан» 127 миллион еуроға сатып алған еді. 23 жастағы англиялық жартылай қорғаушы осы маусымда 18 матчта жеті гол соғып, бес нәтижелі пас берді. Оның «бланкоспен» келісімшарты 2029 жылдың 30 маусымына дейін жарамды.
