Лондондықтар ойын уақытының 63%-ында допқа иелік етіп, күтілетін голдар көрсеткіші (xG) бойынша 2,34 нәтижесін тіркеді және қарсыластың айып алаңында допқа 56 рет жанасты. Алайда айқын гол соғу мүмкіндіктері мен қақпаға дәл бағытталған соққылар саны бойынша екі команда тең түсті — төрттен.
«Зеңбірекшілер» кездесуді қарқынды бастап, 10-минутта Виктор Дьёкерештің алыстан жасаған әдемі соққысының арқасында есеп ашты. Оң қаптал шабуылдың негізгі көзіне айналды. Нони Мадуэке мен Мартин Эдегор үзіліске дейін кемінде төрт-төрттен қауіпті мүмкіндік жасады.
Нико Ковач үш орталық қорғаушыдан тұратын тығыз қорғанысқа басымдық беріп, алаң иелерін қаптал арқылы шабуылдауға мәжбүр етті. Лондондықтардың әуелете берген 26 пасының тек сегізі діттеген жеріне жетсе, неміс клубының футболшылары допты айып алаңынан 53 рет шығарып жіберді. Оның 40-ы екінші таймға тиесілі.
Кездесудің шешуші сәті 19 жастағы қорғаушы Жоан Гадудың жеке шеберлігімен байланысты болды. Франциялық футболшы алаңның ортасы арқылы алға ұмтылып, Максимилиан Байерге нәтижелі пас берді. Шабуылшы 55-минутта есепті теңестірді.
Аумақтық басымдыққа ие болған «Арсенал» үзілістен кейін 16 соққы жасағанымен, оның біреуі ғана қақпаға дәл бағытталды. Кездесудің соңында лондондықтар жеңіске жақын болды, алайда Серу Гирассиге тиіп бағытын өзгерткен доп қақпа бағанасына екі рет соғылды. Кейін Деклан Райстың соққысы да бағанаға тиді.
Кездесу қорытындысы бойынша «Арсенал» 11 ұпай жинап, көшбасшылардың үздік екілігіне кіру мүмкіндігін жіберіп алды. Ал «Боруссия» 10 ұпаймен Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі үздік сегіздікке уақытша жайғасты.
