Q Football

«Реал» дәрігері футболшыларға түсетін жүктемені жануарларға қатыгездік көрсетумен салыстырды

«Реал» дәрігері футболшыларға түсетін жүктемені жануарларға қатыгездік көрсетумен салыстырды

Мадридтік клубтың медициналық қызметінің жетекшісі Нико Михич қазіргі футбол күнтізбесін қатаң сынға алды. Маманның пікірінше, матчтар санының үздіксіз артуы мен қалпына келуге берілетін уақыттың қысқаруы футболшылардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.

«Егер біздің футболшыларымыз бәйге аттары болғанда, наразылықтар басталып, бізді жануарларға қатыгездік көрсетті деп айыптар еді. Ал мұнда ешкім наразылық білдірмейді: матч артынан матч өтеді, бірақ ойыншының қандай жағдайда екенін ешкім сұрамайды», – деп келтіреді Михичтің сөзін AS басылымы.

Дәрігер футбол ұйымдарын кездесулер санын азайтып, спортшыларға демалуға көбірек уақыт беруге шақырды. Оны әсіресе шамадан тыс жүктемемен байланысты болуы мүмкін ауыр жарақаттар, соның ішінде тізенің алдыңғы айқас байламының үзілу қаупі алаңдатады.

Сонымен қатар Михич спорттық медицинаның дамуы футболшыларға жоғары деңгейде ұзақ уақыт өнер көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол Криштиану Роналду, Лионель Месси және Лука Модричті мысалға келтіріп, заманауи қалпына келтіру әдістері мен әр ойыншының денсаулығына жеке көзқараспен қараудың маңызын түсіндірді.