«Ертең бізде осы халықаралық үзілістегі соңғы, төртінші ойын. Барлығы аянбай еңбек етті — бұл кезең кез келген адам үшін ауыр тиді. Соңғы үш матчта Қазақстан да, Фарер аралдары да жеңіске жете алған жоқ, сондықтан қос құрама да осы оқу-жаттығу жиынын жеңіспен аяқтауға барынша мотивті болады. Қазақстанның мықты ұжым екенін, оның үстіне өз алаңында ойнайтынын түсінеміз. Өте ауыр матч күтіп тұр, бірақ өз күшімізге сенеміз», — деді Клакстейн.
Оның айтуынша, мұндай тығыз кестеде тек тактика емес, ойыншылардың физикалық-психологиялық жағдайы да шешуші рөл атқарады. «Қысқа мерзімде үш ойын өткізгенде, физикалық дайындық пен психология алдыңғы қатарға шығады. Бізге энергия, тәртіп, батылдық пен креативтілік қажет болады. Кездесу тағдырын ұсақ-түйектер — сәл де болсын сәттілік немесе біреудің қателігі шешіп кетуі мүмкін. Біз жақсы дайындалдық: егер Қазақстан үш орталық қорғаушымен ойнап, жоғарыдан прессинг жасаса, біз бұған дайын боламыз», — деп атап өтті бапкер.
Клакстейн құраманың менталитетіне және команданың ауыр ұшу сапарларын қалай көтеріп жүргеніне де жеке тоқталды. «Соңғы жылдары біз футболды өз дәстүрлерімізбен және мәдениетімізбен тығыз байланыстыра алдық. Негізгі қағидамыз — ешқашан берілмеу және аянбай еңбек ету. Алаңда не болса да, ұйымшылдықты сақтау керек. Оның үстіне біздің футболшылар шетелде жоғары деңгейде өнер көрсетеді және ұлттық құрама намысын қорғауға өте ынтызар», — деп түсіндірді ол.
Бапкер фарерліктердің ойын кестесі аса ауыр болғанын мойындады: «Ұшу сапарлары туралы айтар болсақ, бұл өте көп күш-рағбатты талап ететін кезең болды — 11 күнде төрт матч. Ары-бері тоқтаусыз жол жүру. Осы Ұлттар лигасында ең ауыр кесте бізге түсті. Бірақ біз сылтау іздемеуге тырысамыз — шешімдер іздеп, ойынға зейін қоямыз».
Сонымен қатар ол Қазақстанмен болған алғашқы кездесуді де еске салды: «Қазақстанмен алғашқы матчта біз жеңіске лайық едік, бірақ үш ұпай да (үш тең ойын үшін) жаман емес. Ертеңгі тең түсу біздің топтағы мүмкіндігімізді сақтап қалады, алайда басты мақсатымыз — жеңіске жету».
Қарсылас туралы айта келе, Клакстейн Қазақстанның жақында бас бапкерін ауыстырғанын және бұл ойын өрнегіне әсер етуі мүмкін екенін айтты. «Біз жақында бас бапкері ауысқан командалармен бұған дейін де кездескенбіз: өткен күзде Черногориямен де солай болды, енді мине — Қазақстан. Алғашқы матчта олардың тактикасы бұрынғыны қатты еске түсірді, бірақ біз басында дайын болмай қалған жаңа қозғалыстар пайда болды. Ұлттық құрамадағы жұмыс уақытты талап етеді. Ертең бапкер бірдеңені өзгертуге тырысатыны анық, маған нақты не өзгеретінін көру қызық», — деді маман.
Бұл ретте Фарер аралдары шабуылдағы негізгі ойыншыларының бірінен айырылды: «Словакияға гол соққан шабуылшымыз Адриан Юстинуссен Қазақстанға ұшып келе алмады. Біз онсыз ойнаймыз, бірақ бізде оны алмастыратын нұсқалар бар. Жалпы шаршаңқылыққа байланысты матч тағдырын шынымен де бір қателік немесе жеке шеберлік шешіп кетуі мүмкін. Біздің құрамада бір эпизодта айырмашылық жасай алатын футболшылар бар — мысалы, Йоханнес Бьярталид», — деп қосты Клакстейн.
УЕФА Ұлттар лигасының Қазақстан — Фарер аралдары матчы 6 қазанда Астанада өтеді. Турнирдің осы халықаралық үзілісінде екі құрама да әлі бірде-бір рет жеңіске жеткен жоқ.
