Q Football

Швейцария Словенияны минималды есеппен жеңді

Швейцария Словенияны минималды есеппен жеңді
Getty Images

Күннің екінші матчында командалар бастапқы минуттардан-ақ ширақ ойын өрнегін көрсетті. Словения 1-минутта-ақ есеп ашты: Жан Випотник Аляж Маткодан пас алып, сол аяғымен Грегор Кобельді қапы қалдырды — 0:1

Швейцария ерте голдан кейін абдырамай, шабуылды үдетті. Алаң иелері Ян Облак қақпасы маңында сәттер жасай бастады да, 9-минутта есепті теңестірді: айып алаңына асырылған доптан кейін Эрик Янжа өз айып алаңында сәтсіз ойнап, допты өз қақпасына қиып жіберді - 1:1.

Осыдан кейін Мурат Якиннің командасы қысымды күшейтті: допқа көбірек иелік етіп, қапталдарды белсенді пайдаланды және Словенияның айып алаңына жиі доп жеткізді. Словения қарымта шабуылдармен жауап беруге тырысты.

38-минутта Швейцария алға шықты. Дан Ндойе айып алаңында пас қабылдап, допты Облак қақпасына тоғытты - 2:1. Осылайша алаң иелері ерте жіберген голдан кейін камбэк жасады.

Екінші таймда Словения ойынға қайта оралуға талпынғанымен, Швейцария жағдайды бақылауда ұстады. Статистика бойынша швейцариялықтар 13 соққы жасап, Словения 10 рет тепті, ал қақпаға дәл тиген соққылар - 6:3.

Ойын соңында Словения шешуші штурм ұйымдастырғысы келді, бірақ Швейцария қорғаныста сенімді ойнап, есепті теңестіруге мүмкіндік бермеді. Қорытынды ысқырық алаң иелерінің жеңісін тіркеді - 2:1.

Швейцария - Словения 2:1
Голдар: Випотник, 1; - Янжа, 9 (автогол), Ндойе, 38.