Q Football

Тьерри Анри Зиданның Франция құрамасындағы алғашқы қадамдарын жоғары бағалады

Тьерри Анри Зиданның Франция құрамасындағы алғашқы қадамдарын жоғары бағалады

«Көктердің» бұрынғы шабуылшысы команданың жаңа бас бапкер басшылығымен өткізген алғашқы матчтары туралы ойын білдірді.

Дидье Дешамның 14 жылдық дәуірінен кейін Франция құрамасы Зинедин Зиданмен бірге жаңа белеске қадам басты. Ұлттар лигасындағы алғашқы төрт матчта команда үш рет жеңіп, бір рет тең түсті. Француздар 1-топта сенімді түрде көш бастап тұр және қараша айында-ақ турнирдің ширек финалына жолдама алуы мүмкін. Топтық кезең аяқталғанға дейін олар 12 қарашада Миланда Италиямен, 15 қарашада Бордода Түркиямен кездеседі.

Зиданмен бірге ұлттық құрамада ойнаған Тьерри Анри «Реалдың» бұрынғы бапкерінің жұмысты сәтті бастағанын айтты.

«Италиямен 1:1 есебімен тең түстік. Мүмкін, бұл мінсіз матч болмаған шығар, бірақ жалпы алғанда Зизу шынымен жақсы бастады, мұны мойындауым керек. Әрдайым осылай бастаған жақсы, әйтпесе адамдар сұрақ қоя бастайды. Мен ол үшін де, команда үшін де қатты қуаныштымын. Италия, Түркия мен Бельгияға құрметсіздік танытпай-ақ айтайын, бұл команда туралы нақты пікірді Испания, Португалия немесе Англиямен кездескенде ғана айтуға болады», — деді Анри CBS Sports арнасының эфирінде.

Зидан допты иелену мен шығармашылық ойынға басымдық беріп, Испания құрамасы мен Луис Энрикенің «ПСЖ»-сын үлгі тұтады. Мұндай тәсіл оның алдындағы бапкердің стилінен айтарлықтай ерекшеленеді.

«Адамдар үнемі оның Дидье Дешамнан айырмашылығы неде деп сұрайды. Мәселе оларды салыстыруда емес. Бірақ Зизу позициялық ойын мен допты бақылауға көбірек мән берді. Да Куньяның доппен өзін сенімді сезінетіні байқалды, сондықтан Зидан оны көбіне орта шепке қойды — ол қысым көрсетіп, допты ұстап тұрғысы келді. Бұрын, бәлкім, мұндай болмаған шығар. Ол келгеннен бері бұл тәсіл жақсы нәтиже беріп келеді. Әрине, небәрі төрт матч өтті, бірақ Килиан Мбаппе оралғанда оның мұның бәрін қалай реттейтінін көру қызық болмақ, оның үстіне Мбаппе алғашқы матчтан кейін команданы тастап кетті», — деп атап өтті Анри.

Алғашқы кезеңнің басты кейіпкері төрт матчта төрт гол соққан Майкл Олисе болды. Сондай-ақ орта шептегі Райан Шерки, Да Кунья мен Эдуардо Камавинга, шабуылдағы Дезире Дуэ және қорғаныстағы Жереми Жаке өз мүмкіндіктерін пайдалана білді.