Q Football

Робертсон: Мен әрдайым өз күшіме күмәнданатынмын, дәл осы менің бойымдағы ең жақсыны шығаратын

Робертсон: Мен әрдайым өз күшіме күмәнданатынмын, дәл осы менің бойымдағы ең жақсыны шығаратын

Шотландия құрамасының капитаны ұлттық құрама сапындағы 102-ойыны қарсаңында аңызға айналған сэр Кенни Далглиштің 40 жыл бұрынғы жетістігін қайталаудан алған әсерімен бөлісті, Чемпиондар лигасының жартылай финалынан кейінгі күлкілі отбасылық оқиғаны еске алды және жұма күні Солтүстік Македонияға қарсы ойында жанкүйерлер алдында ақталу қажеттігін атап өтті.

«Мен ешқашан өзіме шын мәнінде сенімді болған емеспін. Өз күшіме үнемі күмәнданатынмын, дәл сол нәрсе менің бойымнан ең жақсыны шығаратын. Адамдарға да, өзіме де олардың қателесетінін дәлелдегім келетін, әрі тек осы сәтпен өмір сүрдім», - деді ол.

Капитан баспасөз мәслихаты өткен бөлмедегі қатардағы орындықтардан бөлек тұрған биік креслоға назар аударып, жұма кешінің мәнін де түсіндірді.

«Мұнда кәдімгі орындар бар, бірақ бір «тақ» тұр, ол жерде Кенни Далглиш отыруы керек. Жұма кеші - мен туралы емес. Бұл - біздің елдің, бәлкім, бүкіл Британияның да ең ұлы ойыншысы туралы кеш. Егер ол басқа дәуірде ойнағанда, ешкім қайталай алмайтын деңгейде матч өткізер еді. Біз ұлт ретінде бұл адамды бағалауымыз керек. Жұма күні менің ойымда бірінші орында дәл сол кісі болады», - деп атап өтті Робертсон.

Робертсонның айтуынша, Далглиш олардың отбасы үшін де айрықша тұлға. Қорғаушы 2017 жылы «Ливерпульге» ауысқаннан кейін «Энфилдтегі» жетістіктермен қатар, «Король Кеннидің» отбасымен жақын араласуға мүмкіндік алған. Робертсонның сөзінше, трансферден кейін олар Эндрюді де, аяғы ауыр жұбайы Рейчелді де ерекше қолдаған.

Ол 2019 жылдың мамырында Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Барселонаны» 4:0 есебімен ұтқан тарихи матчтан кейінгі отбасылық бір оқиғаны да еске алды.

«Марқұм атам сол ойында болды. Финалдық ысқырықтан кейін Кенниден атам мен ағама барып амандасуын өтіндім. Ескеріңіз, оның туған немересі Чемпиондар лигасының екінші финалына қатарынан шығып тұр, бірақ атам өз қаһарманымен қол алыса салу үшін мені жолынан ысырып тастағандай болды. Атам құлақ аппаратымен жүретін, біз сөйлескенде көп нәрсені ести бермейтін. Ал Кеннидің айтқанын сөзбе-сөз түгел естіп тұрды. Содан кейін отбасымызда «шынымен құлағы нашар еститін бе өзі?» деген сұрақ көбейіп кетті», - деді Робертсон.

Капитан құрамадағы жас ойыншыларға тірек болудың маңызды екенін де атап өтті. Оның айтуынша, өзі үшін де, ата-анасы үшін де ең бастысы - алаңнан тыс қандай адам болып қалатыны. Робертсонның жанында әлі күнге дейін балабақша кезінен таныс үш ең жақын досы бар.

Дегенмен Робертсон жұма күнгі матч алдында мерекелік көңіл күйге берілмейтінін жасырмады. Шотландияға Ұлттар лигасында ұпай қажет, ал капитан Словенияға қарсы өткен алдыңғы ойынға көңілі толмайтынын айтты.

«Словенияға қарсы өткен соңғы ойында біз барлық жерде бір метрге кешігіп жүрдік, өз міндетімізді орындай алмадық. Бұл - қабылдауға келмейтін нәрсе. Жанкүйерлерімізге қуаныш сыйлайтын бірде-бір себеп берген жоқпыз, енді жағдайды түзетуге міндеттіміз», - деп түйіндеді ол.

УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңіндегі 5-тур қарсаңында («В» дивизионы) Шотландия құрамасы өз тобында 3-орында келеді: төрт турдан кейін еншісінде 4 ұпай бар. Жоғары дивизионға көтерілу мүмкіндігін сақтап, төменгі орындар үшін тартыстан қашу үшін шотландтарға топтағы аутсайдер - Солтүстік Македонияны жеңу қажет.