Фарер аралдары құрамасы Ұлттар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші турда Қазақстанмен тең түсті — 2:2. Кездесу барысында фарерліктер екі доп айырмашылығымен алда келе жатқан, алайда ойыншысы алаңнан қуылғаннан кейін басымдығынан айырылып қалды.
Команданың бас бапкері ойынның тартысты өткеніне риза. «Бұл жақсы әрі драмаға толы кездесу болды. Голдарды да, әдемі шабуылдарды да, тартысты да, қызыл қағаздарды да көрдік», — деді маман.
Сонымен қатар ол нәтижеге көңілі толмайтынын жасырмады. «Екінші голды соғып, есепті 2:0-ге жеткізгенде ойынды толық бақылап отырғандай көріндік. Он бірге он бір болып ойнай бергенімізде бұл матчта жеңуге тиіс едік деп санаймыз. Ойыншымыздың алаңнан қуылуы ойынның барысын өзгертті. Дегенмен мұндай жағдайда тең нәтиженің де жаман емес екенін түсінеміз», — деді Клакстейн.
Бапкердің айтуынша, қызыл қағаздан кейін қарсылас қанаттанып, жанкүйерлердің де көңіл күйі өзгерген. «Қазақстан өзіне сенімді болып, серпін алды. Есеп 0:2 болғанда өз командасына ысқырған жанкүйерлер енді оны барынша қолдай бастады. Қысым өте күшейді. Біз өз ойынымызды қайта табуға тырыстық, бірақ екі доп өткізіп алдық. Аз құраммен қалсақ та, бұл голдарды өткізбеуіміз керек еді деген пікірдемін», — деп атап өтті ол.
Маман құрамдар қайта теңесіп, екі команда да он ойыншымен қалған кезде шәкірттерінің ойынға қайта оралғанын да айтты.
Клакстейн турнирдегі мүмкіндіктерге де тоқталды. Оның ойынша, топта бірінші орынды Словакия алуы ықтимал, ал плей-офқа шығу мәселесін фарерліктер өз күшімен шеше алады. «Енді біз үшін қараша айындағы матчтар шешуші болмақ. Соларға жақсы дайындалып, қалған мүмкіндіктерді пайдалануымыз қажет», — деп түйіндеді маман.
Төрт турдан кейін Фарер аралдары құрамасы төрт ұпаймен топта екінші орында келеді. Қазақстан екі ұпаймен соңғы орында тұр.
