Итальяндықтар 3:1 есебімен жеңіп, топта екінші орынға көтерілді. Стадионда жұмыс істеген журналистер Роберто Манчинидің ойынға мұншалықты беріліп кеткенін сирек көргендерін айтады. Тіпті матчты өте жоғары деңгейде өткізген, бірақ бір рет қақпадан тәуекелге барып шыққан қақпашы Джанлуиджи Доннарумма да сөз естіді.
«Қайда кетіп барасың, Джиджо, қарғыс атқыр», — деп айқайлады оған бапкер.
Алғашқы таймда маман бірінші голдың авторы Джанлука Скамаккаға талай рет ескерту жасады. Ал Пио Эспозито үшінші голды соққанда, бапкер қорғаушылар Джанлука Манчини мен Алессандро Бастониді әріптестерімен бірге қуануға жібермей, жанына шақырып алып, әрі қарай қалай ойнау керегін түсіндірді.
Ойыннан кейін бапкер шәкірттерінің шаршағанын мойындады, дегенмен олардың ойынына риза болды.
«Басында аздап қиналдық, бірақ кейін жігіттер жарады: ойын тізгінін қайта қолға алып, голдық сәттер жасады және гол соқты. Түркия — әлсіз команда емес, меніңше, бұл өте жақсы матч болды», — деді Манчини.
Ауыстыруларды ол екі футболшының сары қағазы болғанымен, екіншісін алып қалу қаупімен түсіндірді. Олардың арасында Скамакка да бар. Бапкердің пікірінше, мұндай қабілетімен ол әлдеқайда көп нәрсеге қауқарлы. Риккардо Калафьори ерекше мақтауға ие болды.
«Ол — көшбасшы. Физикалық, техникалық және психологиялық тұрғыдан да», — деп атап өтті маман.
Қарашада Италия құрамасы өз алаңында Францияны қабылдап, сырт алаңда Бельгиямен ойнайды.
«Біз осылай жалғастыруымыз керек, қазір мақсатқа жақындап қалдық. Қарашада көреміз, бәрі Бельгияда шешілетін шығар», — деп қосты ол.
