Q Football

Картал «Фенербахчеге» қайта оралады: клуб бас бапкердің эмоциялық отставкасын қабылдамады

Картал «Фенербахчеге» қайта оралады: клуб бас бапкердің эмоциялық отставкасын қабылдамады
Getty Images

«Ромамен» матч кезінде жанкүйердің шабуылы салдарынан қайтып оралмайтынын мәлімдегеннен кейін, бас бапкер жұмысын қайта жалғастырып, команданы «Газиантепке» қарсы ойынға дайындап жатыр.

Түркиялық маман қызметіне қайта кірісті. Осылайша, оның түпкілікті кететіні туралы БАҚ-та тараған ақпарат расталмады.

Сенбі күні клуб X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында Карталдың жұмыс орнындағы фотоларын жариялады. Бұл жұма күні клуб басшылығы дүйсенбіде Түркия Суперлигасында өтетін «Газиантепке» қарсы матч алдында бапкердің қайта оралатынын айтқан мәлімдемені нақтылай түсті.

Жағдай бейсенбі күні Чемпиондар лигасының алғашқы турында «Ромамен» өткен үйдегі матчтан кейін ушығып кеткен. Кездесу 1:1 есебімен аяқталғаннан соң, баспасөз мәслихатында Картал команда ойынын жоғары бағалап, артынша күтпеген жерден отставкаға кететінін мәлімдеген еді.

«Біз Чемпиондар лигасына лайық футбол ойнадық, ойыншыларыммен мақтанамын. Бірақ бүгін кешке мен қызметімнен отставкаға кетемін - әрі ол жаққа енді ешқашан оралмаймын», - деген болатын маман.

Алайда клуб президенті Азиз Йылдырым бұл шешімді қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартты. Оның айтуынша, Карталдың эмоцияға беріліп мұндай қадамға баруына жанкүйерлердің агрессиясы мен әлеуметтік желідегі қорлау сөздер әсер еткен. Йылдырым матч кезінде бапкердің басына су құйылған бөтелке лақтырылғанын да атап өтті.

«Адам сонша азапқа қалай шыдасын? Біз мұның бәрін көрдік, сондықтан оның көңілі түсіп отыр. Бірақ ол өз орнында қалады. Мен оған: «Жалғастырасың», - дедім, болды», - деді клуб басшысы.

Картал жұма күнгі жаттығуға қатыспаған. Ал түркиялық БАҚ «Фенербахче» клубының ресми өкілі Огуз Четиннің бапкерді қалуға көндіру әрекеттері нәтиже бермегенін жазған. Соған қарамастан, клуб ішіндегі жағдай тұрақталып, Картал командаға жетекшілік етуді жалғастырып отыр.

Қазір «Фенербахче» 18 команданың ішінде Суперлигада 11-орында келеді. Сондықтан ұжымға турнирлік жағдайын түзету міндеті тұр.