Словакия құрамасының бапкерлер штабы Ұлттар лигасындағы алдағы матчтарға дайындықты жан-жақты жүргізгенін мәлімдеді. Бас бапкердің көмекшісі Любош Бенковскидің сөзінше, команда ықтимал жағдайлардың бәрін ұсақ-түйегіне дейін қарастырып, қарсыластардың ерекшеліктерін егжей-тегжейлі зерттеуге тырысқан.
Бенковски Молдова мен Фарер аралдары құрамалары қазіргі бапкерлерімен ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Ал Қазақстан құрамасында бапкер ауысқандықтан, словак мамандары жаңа бас бапкердің ойын стилі мен идеялары туралы мүмкіндігінше көп ақпарат жинауға мән берген. «Соңғы үш ай бойы дәл осы іспен айналыстық, толық картина қалыптастыру үшін», - деді ол.
Сондай-ақ бапкер көмекшісі он күн ішінде төрт матч өткізу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, мұны команда қалыпты жағдай ретінде қабылдайды, бірақ ойыншыларға түсетін жүктемені өте мұқият бөлу қажет болады. «Клубтық футбол мен еурокубоктардағы тәжірибені - сәрсенбі-сенбі ырғағында ойнайтын кезеңдерді - дұрыс пайдаланып, жүктемені сауатты реттеуге және футболшылардың әр матчқа бар күш-қуатымен шығуына жағдай жасауға тырысамыз», - деді Бенковски.
Мақсатқа қатысты ол бас бапкер Владимир Вайсстың ұстанымын қайталады: Словакияның негізгі міндеті - В дивизионына шығу, яғни топта жеңіске жету. «Ұлттар лигасын да осы мақсатпен бастаймыз. Оны орындай алсақ, қатты қуанамыз», - деп түйіндеді бапкердің көмекшісі.
Қазақстан мен Словакия құрамаларының кездесуі 29-ынан 30 қыркүйекке қараған түні Кошицеде (Словакия) өтеді.
