Q Football

Рафаэль Надаль мадридтік «Реалдың» директорлар кеңесінің құрамына ене алады

Рафаэль Надаль мадридтік «Реалдың» директорлар кеңесінің құрамына ене алады
©️Getty Images

Испаниялық грандтың басшылығы «Үлкен дулыға» турнирлерінің 22 дүркін чемпионының кандидатурасын клуб делегаттарының бас ассамблеясының бекітуіне ресми түрде ұсынды

Мадридтік «Реалдың» директорлар кеңесі аты аңызға айналған испаниялық теннисші Рафаэль Надальды клубтың басқарушы органының құрамына енгізу бастамасын көтерді. Клубтық 67 778 нөміріне ие құрметті «мадридисті» ресми түрде тағайындау мәселесі делегаттардың алдағы жалпы жиналысында қаралады. Елордалық грандтың мәлімдемесінде мұндай ауқымдағы спортшының келуі бүкіл ұйым үшін үлкен мәртебе екені және клубтың бүгіні мен болашағына сүбелі үлес қосатыны атап өтілген.

«Корольдік клубтың» басшылары әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы әрі 92 беделді титулдың иегері команданың басты құндылықтарын — жеңіс мәдениетін, табандылықты және өзара құрметті толық бейнелейтінін жеткізді. «Кіл қаймақтардың» пікірінше, испандықтың дара мінезі мен әлемдік спорттағы биік беделі клуб философиясымен мінсіз үйлеседі және стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде директорлар кеңесін сапалы түрде күшейте түспек.