Q Football

Забитцер Австрия құрамасы сапындағы ойындарын уақытша тоқтатты

Забитцер Австрия құрамасы сапындағы ойындарын уақытша тоқтатты
Getty Images

«Боруссия Дортмунд» клубының жартылай қорғаушысы 2026/27 жылғы Ұлттар лигасын өткізіп алады.

В3 тобында Ральф Рангниктің командасы Израиль, Ирландия және Косовомен кездеседі.

Сонымен қатар, Забітцердің 2028 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу матчтарына қайта қосылуы мүмкін екені де айтылды. Еуро-2028 іріктеу кезеңінің топтары 2026 жылдың желтоқсанында өтетін жеребеде анықталады.

Забітцер бұл шешіміне соңғы жылдардағы ауыр кестені себеп етіп көрсетті. «Соңғы екі жыл өте қарбалас болды. Еуро-2024-тен кейін, клубтар арасындағы әлем чемпионаты мен құрамамен өткен әлем чемпионатын қоса есептегенде, мен іс жүзінде қатарынан үш маусым өткіздім. Бұл маусымда да мені тығыз кесте күтіп тұр - Бундеслига, Германия кубогы және Чемпиондар лигасы. Мен 32 жастамын, әлі бірнеше жыл ең жоғары деңгейде футбол ойнағым келеді, сондықтан күш-қуатымды ұқыпты пайдалануға тиіспін. Сенімді әрі ашық әңгімелерден кейін бас бапкермен қазір үзіліс жасайтынымызға келістік, ал келесі жылдың басында Еуро-2028 іріктеуіне қатысу үшін құрамаға ораламын ба, соны талқылаймыз», - деді ол.

Бас бапкер Ральф Рангник бұл мәселені Марсель Забітцермен 2026 жылғы әлем чемпионаты басталмай тұрып-ақ талқылағанын жеткізді. «Марсель екеуміз оның болашағын өте ашық талқыладық. Ол өз ойларын менімен бөлісті, мен оны толық түсінемін. Әрине, Ұлттар лигасында онсыз ойнауға тура келетіні өкінішті. Бірақ Еуро-2028 іріктеу матчтары басталар алдында әрі қарай қалай әрекет ететінімізді алдын ала бірге шешеміз. Қалай болғанда да, қажет болған сәтте Марсельдің құрамада ойнауға дайын болатынына қуаныштымын. Бұл оның үшін ұлттық команданың әлі де қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», - деді маман.

Марсель Забітцердің Австрия құрамасындағы жалпы көрсеткіші - 102 матч, 27 гол және 23 нәтижелі пас.