Ұлттар лигасының С дивизионындағы үшінші топта төртінші тур матчтары өтті. Қазақстандықтар Астанада Фарер аралдарымен ұпай бөлісті — 2:2. Қонақтар Петур Кнудсен (22-минут) мен Геза Давид Туридің (63-минут) голдарының арқасында екі доп айырмашылығымен алға шыққан, бірақ алаң иелері есепті теңестіре алды. Алдымен Сергей Малый (68-минут) гол соқса, кейін Нұралы Әліп (76-минут) таразы басын теңестірді.
Турдың екінші кездесуінде Словакия құрамасы Кишинёвте Молдоваға еш мүмкіндік қалдырмады — 4:0. Голдарды Давид Стрелец (8-минут), Томаш Суслов (44-минут), Давид Ганцко (60-минут) және Лукаш Гараслин (75-минут) соқты.
Төрт турдан кейін словактар 10 ұпаймен турнир кестесін бастап тұр. Фарер аралдары мен Молдова төрт ұпайдан жинап, тиісінше екінші және үшінші орындарға жайғасқан. Қазақстанның еншісінде екі ұпай бар, команда төртінші орында.
