Primabergamo.it журналисі Алессандро Джованни Пальярини алдағы матчқа қатысты ойын айтты. Оның пікірінше, Бергамо клубын оңай ойын күтіп тұрған жоқ: команда қазір қиын кезеңнен өтіп жатыр, тоғыз ойыншысы жарақат алған, ал жуырда өз алаңында «Пармадан» 0:3 есебімен ұтылып қалды. Сарапшының айтуынша, «Аталантаның» соңғы жеңісі 15 қазанда «Пафоспен» өткен матчта болған, содан бері команда бес ойын қатарынан жеңіске жете алмай келеді.
Пальярини «Қайратты» менсінбеуге болмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, қазақстандық клубтың дайындалуға уақыты көбірек болған, ал «Аталанта» тығыз кестемен ойнап жүр: өткен бейсенбіде А сериясында апта ортасындағы матч өткізсе, дүйсенбіде чемпионатта тағы бір ойын ойнаған. «Пармадан» қарсы сәтсіздіктен кейін команда жексенбіге дейін созылатын жаттығу жиынына кеткен, клуб бұл жиын дағдарыстан шығуға көмектеседі деп үміттенеді.
Италияда «Қайрат» туралы ақпараттың аз екенін де жасырмады. «Қайрат» Италияда аса танымал емес, Қазақстан футболын мұнда көп қадағаламайды», - деді ол. Дегенмен кейбір жанкүйерлер алматылық клубты Чемпиондар лигасындағы ойындары арқылы, сондай-ақ миландық «Интермен», «Реалмен» және «Арсеналмен» өткен матчтардан білуі мүмкін екенін жеткізді. Бірақ көпшілігі команданың ойыны, стилі және жалпы Қазақстан футболының деңгейі туралы аз мәліметке ие.
«Қайрат» ойыншыларының ішінен ол нақты бір футболшыны атап өтті. «Шынымды айтсам, «Қайрат» ойыншыларын онша жақсы танымаймын. Мен білетін жалғыз футболшы - Марк Гуаль», - деді Пальярини. Оның айтуынша, Гуаль варшавалық «Легияда» жүргенде, әсіресе Конференциялар лигасында көзге түскен. Сонымен қатар ол Дастан Сәтпаевты халықаралық деңгейде ең танымал қазақстандық футболшылардың бірі ретінде атады: «Өткен жазда «Челсиге» ауысып, кейін «Бернлиге» жалға берілгеннен соң, Италияда да оған қызығушылық айтарлықтай артты. Клубтағы және ұлттық құрамадағы ойыны оған кең халықаралық танымалдық әкелді, әрі ол Қазақстан футболындағы ең көп талқыланатын жас таланттардың бірі екені анық».
Сарапшы «Аталантаның» маусымдағы ойыны жанкүйерлерді қанағаттандырмай отырғанын айтты. Оның сөзінше, жанкүйерлер команда ойынына ғана емес, бапкерлер штабы мен клуб басшылығының жұмысына да наразы. Маусым басында үміт жоғары болған: еурокубоктарда жақсы өнер көрсетіп, А сериясында еурокубок аймағына, тіпті Чемпиондар лигасына жолдама үшін таласады деген күтім болған. Бірақ команда маусымды сәтсіз бастап, клуб айналасындағы жағдай шиеленісе түскен. «Пармаға» ұтылғаннан кейін жанкүйерлер футболшыларды ысқырып қарсы алғанын да еске салды. Енді, оның пікірінше, «Қайратпен» ойыннан бастап командадан нақты жауап күтіледі.
Құрам мәселесіне келгенде, Пальярини «Аталантаның» ротация жасау мүмкіндігі шектеулі екенін айтты. Тоғыз жарақаттың ішінде қорғаныс шебіндегі жағдай ерекше қиын: мысалы, 2006 жылы туған жас ойыншы Обрич қазір алаңға шығып жүр, маусымды қосалқы орталық қорғаушы ретінде бастағанына қарамастан. Орталық қорғаушылардың көбі бір мезетте жарақат алып қалғандықтан, «Аталанта» негізгі старттық құрамының жартысынан көбіне сене алмай отыр. Ол бапкерлер штабына Италия футболының үшінші дивизионында ойнайтын 23 жасқа дейінгі командадан бірнеше ойыншы шақыруға тура келуі мүмкін екенін де қосты. Соңғы А сериясы матчында «Аталантаның» өтінімінде үш қақпашыны қоса есептегенде небәрі 19 ойыншы болған, ал алаңдағы футболшылардың үшеуі 23 жасқа дейінгі құрамнан шыққан.
Команданың қазіргі ойыны туралы айта отырып, ол «Аталантада» тактикалық қиындықтар барын және матч ішінде мінез бен психологиялық тұрақтылық жетіспейтіндей көрінетінін жеткізді: бірдеңе дұрыс болмай қалса, команда тез жоғалып кетеді. Соған қарамастан, жекелеген ойыншылардың техникалық деңгейі өте жоғары екенін атап өтті. Мысал ретінде Шарль Де Кетеларені келтіріп, бабында болса, жеке шеберлігімен матч тағдырын шешіп кетуі мүмкін деді. Жалпы алғанда, оның ойынша, «Аталантаның» басты артықшылығы - ойыншылар сапасы, бұл жағынан олар «Қайраттан» айқын басым.
Қазақстан футболының деңгейі туралы сұраққа Пальярини Италияда ақпараттың шектеулі екенін ескертіп, нақты біржақты баға беруден тартынды. Дегенмен ол Қазақстан футболы әзірге Еуропаның жетекші лигалары деңгейіне жетпегенін, бірақ қазақстандық клубтардың іріктеу арқылы Чемпиондар лигасына шығып, еурокубоктардағы қатысуын біртіндеп күшейтіп келе жатқаны дамудың белгісі екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан футболы қарқын алып, беделі жоғары лигалармен арадағы айырманы қысқартуға, ең кемі УЕФА турнирлеріне тұрақты қатысуға ұмтылып жатыр.
Матчқа болжамын да бөлісті. «Аталантаны» өте қиын ойын күтіп тұр деп санаймын, бірақ ойыншылардың жеке шеберлігі оларды қайтадан жеңіс жолына түсіруге жеткілікті болады деп үміттенемін», - деді ол. Сондай-ақ жаттығу жиынында өткен күндер командаға қайта құрылып, сенімділікті қайтарып, «Қайратпен» ойын алдында дұрыс қалыпқа келуге көмектесті деген сенім білдірді. Оның ойынша, «Аталанта» қарсыласын менсінбей ойнамауы керек, алайда қазіргі қиындықтарына қарамастан, дұрыс көңіл күймен және табандылықпен шықса, жеңіске жетуге мүмкіндігі бар.
