Георгий Жуков УЕФА Ұлттар лигасының төртінші турында өз алаңында Фарер аралдарымен тең аяқталған ойынға (2:2) пікір білдірді. Жартылай қорғаушы негізгі құрамда шығып, алаңда 73 минут өткізді.
Оның бағалауынша, алаң иелері кездесуді сәтті бастап, алғашқы 20 минутта қауіпті сәттер жасады, бірақ оларды голға айналдыра алмады. «Өкінішке қарай, стандарттан гол жібергеннен кейін сәл абдырап қалдық. Асығыстық пайда болып, шептердің арасы ашылып кетті. Үзіліске дейін мұны түзедік», — деді футболшы.
Тағы бір доп өткізіп алғанына қарамастан, ол ойынның екінші жартысын сәтті өтті деп есептейді. «Біз мінез көрсетіп, есепті теңестіре алдық. Ойын мазмұны жағынан біз мықтырақ болдық. Матч сәл ұзағырақ созылғанда, үшінші голды да соғар едік», — деп атап өтті Жуков.
Жаңа бас бапкер мен төрт қорғаушымен ойнау схемасына көшу туралы сұраққа жауап берген жартылай қорғаушы команданың әзірге толық бейімделіп үлгермегенін мойындады. «Дайындыққа уақыт өте аз. Небәрі бес-алты жаттығу өткіздік те, бірден ойындар басталып кетті. Негізінен бәрі қалпына келумен, тактикамен және келесі ойынға дайындықпен шектеледі», — деп түсіндірді ол.
Соған қарамастан ойыншы оң өзгерістерді байқап отыр. «Бүгінгі ойын мен Молдоваға қарсы матчтың екінші таймы жақсы өтті деп санаймын. Қауіпті сәттер жасап, қарсылас қақпасына қысым көрсеттік. Өкінішке қарай, әзірге нәтиже жоқ», — деп қосты жартылай қорғаушы.
Жиі ұшулар мен тығыз кесте де командаға әсер етпей қоймады. «Жігіттер әр ойында бар күшін сарқа жұмсайды. Психологиялық та, физикалық та шаршау бар», — деп түйіндеді Жуков.
