Q Football

Дөп тигендерден күмән тудырғандарға дейін. ҚПЛ клубтарының жазғы трансферлер рейтингі

Дөп тигендерден күмән тудырғандарға дейін. ҚПЛ клубтарының жазғы трансферлер рейтингі
©️Sports.kz

Қазақстанда жазғы трансферлік терезе жабылды, енді клубтарда маусымның бірінші бөлігіндегі қателіктерді түзетуге соңғы мүмкіндік болды. Sports.kz республикалық интернет-порталы трансферлік терезенің қорытындысы бойынша ҚПЛ клубтарының рейтингін түзді

16-орын. «Жетісу» (келгендер - жоқ)
Талдықорған клубы трансферлік тыйымға байланысты жазда мүлде ойыншы қоса алмады. Құрамда бірде-бір жаңа футболшы болмаған соң, бұл орынға талас жоқ. Баға - 10-нан 0.

15-орын. «Жеңіс» (келгендер - Патрик Кпозо, Андрия Филипович, Владислав Наумец, Самат Жарынбетов)
Елорда командасы төрт ойыншыны тіркеді, бірақ олардың ешқайсысы әзірге негізгі құрамды айқын күшейтті деу қиын. Наумец «Ордабасыға» қажет болмай шықты, Жарынбетов әлсіз «Ертісте» орташа кезең өткізді. Филипович бірнеше жыл бойы басқа чемпионаттарда жақсы статистика көрсете алмады. Ал Кпозо соңғы бір жылда бар болғаны 144 минут ойнаған, сондықтан оның қазіргі дайындығы сұрақ тудырады.
Жалпы әсер - «Жеңіс» нақты күшейтуден гөрі қолжетімді нұсқаларды жинағандай. Тәжірибе бар, бірақ бабына, ойын практикасына және соңғы маусымдарына қатысты күмән көп. Баға - 10-нан 2,5.

14-орын. «Оқжетпес» (келгендер - Шахбох Умаров, Марсиньо Веласко, Всеволод Садовский)
Көкшетаулықтар шабуылға екі ойыншы қосты, бірақ олардың бірін де ҚПЛ үшін «ірі трансфер» деу қиын. Умаров пен Садовский Қазақстанда бұрын ойнағанымен, күштірек командаларда көбіне ротацияда қалатын. Веласкоға болса жергілікті чемпионатқа бейімделу қажет.
Команда онсыз да үлкен қайта құрусыз жақсы маусым өткізіп жүр, сондықтан бұл терезені толық сәтсіздік деуге келмейді. Дегенмен негізгі құрам айтарлықтай күшейді деу екіталай. Баға - 10-нан 4.

13-орын. «Ертіс» (келгендер - Олувабори Фалайе, Давид Есимбеков, Демият Сламбеков, Марко Евтич, Деян Видич, Зикрилло Султаниязов, Самуэль Опэ, Богдан Сарнавский, Самсон Иеде, Саги Маликайдар, Тимур Мухаметжанов, Лукас Рамос, Руслан Юденков, Муроджон Халматов, Дархан Бердібек)
Павлодарлықтар жазда бірден 15 ойыншы алып, кәдімгі күшейтуден гөрі маусым ортасында жаңа команда құрастыруға жақын қадам жасады. Тізімде Сарнавский, Юденков, Опэ, Фалайе секілді қызықты футболшылар бар. Есимбеков, Сламбеков және жалға алынған бірнеше қазақстандық ойыншы құрам тереңдігін арттыруы тиіс.
Жекелей алғанда көптеген келісімнің логикасы бар, бірақ қысқа уақытта мұның бәрін бір механизмге айналдыру оңай емес. Бұл ауқым қыста құрамның сәтсіз жасақталғанын да аңғартады. «Ертіс» аты-жөні мен нұсқа саны бойынша күшейді, алайда бұл - жақсы жоспарланған терезеден гөрі бірінші айналымнан кейінгі шұғыл қайта жинақтау. Баға - 10-нан 4.

12-орын. «Алтай» (келгендер - Элгуджа Лобжанидзе, Дмитрий Подстрелов, Дарко Додев, Даниил Кучер)
Өскеменде посткеңестік футболға үйренген, жаңа ортаға тез бейімделетін ойыншыларға басымдық берілді. Лобжанидзе шабуылға тәжірибе әкелді, Подстрелов алдыңғы шепте пайдасын тигізіп үлгерді, Кучер қақпадағы орнын алды. Додев әзірге айқын көзге түскен жоқ, бірақ шабуылға қосымша таңдау берді.
ҚПЛ-дегі орнын сақтап қалуға тырысқан команда үшін бұл қадамдар түсінікті, бірақ нағыз мықты новичок әзірге байқалмайды. Баға - 10-нан 4,5.

11-орын. «Атырау» (келгендер - Джордже Пантелич, Джордже Максимович, Франьо Прце, Эбенезер Офори, Мато Станич, Арсен Буранчиев)
Позициялар мен деңгей тұрғысынан «Атыраудың» селекциясы төмендегі бірнеше клубтан қызығырақ көрінеді. Прце мен Станич тәжірибе қосуы керек, Максимович шабуылға көмектеседі, ал Офори дебют жасап, орталықта маңызды ойыншыға айналуы мүмкін.
Дегенмен рейтингтегі төмендеу новичоктардың өзінен емес: олардың келуінен кейін команда күтпеген жерден жеңілістерге жиі ұрынып, дағдарысқа түсті және турнир кестесінде қатты төмендеді. Яғни қағаз жүзінде жаман емес трансферлер әзірге серпін бермеді. Баға - 10-нан 5.

10-орын. «Ұлытау» (келгендер - Давид Кармона, Илья Черняк, Бақдәулет Зүлфиқаров)
Жезқазған клубы көп ойыншы алмады - нақты рөлдерге үш футболшыны таңдады. Испанияның Сегундасында 100-ден аса матч өткізген Кармона бірден қорғаныстың оң қапталында орнықты. Черняк шабуылға қосымша нұсқа қосты. Зүлфиқаров екі гол соғып, қосалқыдан шығып пайда әкелетін «джокер» рөлін атқарып жүр.
Әр трансфердің түсіндірмесі бар, бұл мүмкіндігі шектеулі клуб үшін жақсы белгі. Бірақ әзірге бастапқы құрамды нақты күшейтті деп Кармонаға ғана сенімді баға беруге болады: Зүлфиқаров көбіне қосалқыдан тиімді, Черняк тереңдік пен бәсекеге көбірек керек. Баға - 10-нан 5,5.

9-орын. «Қайсар» (келгендер - Клайдер Маседо, Тимур Реджепов, Стефан Букорац, Агостиньо, Густаво Заго, Рамазан Бағдат, Нұрали Жақсылық)
Қызылорда командасы дерлік барлық желіні жаңартып, тәжірибелі легионерлерді жас қазақстандықтармен үйлестірді. Маседо мен Букорац қорғаныс ортасын күшейтуі тиіс, Реджепов қанаттағы таңдауды арттырады. Заго, Бағдат және Жақсылық шабуылда әлеуеті бар, ынталы ойыншылар ретінде қарастырылып отыр.
Жеті новичок әсерлі көрінгенімен, келісімдердің бір бөлігі перспектива мен өтінімді кеңейтуге бағытталған. Команда вариативті бола түсті, бірақ негізгі құрам деңгейі айтарлықтай өсті деу әзірге қиын. Баға - 10-нан 6.

8-орын. «Елімай» (келгендер - Роджер Мурильо, Страхиня Танасиевич, Иван Коновалов, Май Миттендорфер, Мирас Оматай)
Қыстағы сәтсіз селекциядан кейін семейліктер маусым барысында қателіктерін түзетуге кірісті. Ең түсінікті қадам - «Алтайда» бірінші айналымды жақсы өткізген Коновалов: ол бірден күштірек команданың қақпасынан орын алды. Мурильо шабуылға нұсқа қосуы керек, ал Танасиевич пен Миттендорфер орталық қорғаудағы бәсекені күшейтті - бұл аймақта соңғы кезде мәселе көп болды.
Сонымен бірге екі орталық қорғаушыны қатар алу сәл артықтау көрінеді, өйткені бұл позицияда бұрыннан ойыншылар бар еді. Оматайдың ауысуы да сұрақ тудырады: ол «Ертісте» тұрақты көшбасшы болмады, қағаз жүзінде перспективаға алынғандай, бірақ келісімшарт тек маусым соңына дейін ғана. Баға - 10-нан 6.

7-орын. «Астана» (келгендер - Никола Бурич, Александр Меркель, Иван Миладинович, Арман Варданян, Дамир Марат)
Маусымның алғашқы бөлігіндегі қаржылық қиындықтарды ескергенде, «Астананың» бірден бес ойыншы алуын күтпеген жағдай деуге болады. Меркель мен Миладинович ҚПЛ-ге таныс: Меркель «Жеңісте» тұрақты ойнады, ал Миладинович былтыр «Тобылдың» көшбасшысы болған. Бірақ Миладинович ауыр жарақаттан кейін «Елімайда» көп ойнамаған, сондықтан дайындығы күмән тудырады.
Дамир Маратты жалға алу клуб үшін де, ойыншы үшін де мүмкіндік: ол өткен маусымды жарқын өткізсе де, «Тобылда» ойыны жүрмей қалды. Бурич Албанияда аса нәтижелі болған жоқ, ал Варданян - жастар командасына арналған нұсқа. Дегенмен «Астана» елеулі күшейту күтпеген тұста бірнеше пайдалы опцияға ие болды. Баға - 10-нан 6,5.

6-орын. «Қызылжар» (келгендер - Дулат Талыспаев, Лиридон Латифи, Айбол Әбікен, Александр Нойок, Димаш Серікұлы, Слободан Урошевич, Алихан Серікбай)
Петропавл клубының жаздағы ең басты қадамы ойыншы емес, Виталий Жуковскийдің келуі болды. Беларусь маманы қазақстандық чемпионатты жақсы біледі, мүмкіндігі шектеулі жағдайда жұмыс істей алады және құрамды тәжірибелі футболшылармен толықтырды. Әлсіз бірінші бөліктен кейін «Қызылжар» үшін бапкер ауыстыру кез келген жеке трансферден маңыздырақ еді.
Жаңадан келгендердің ішінде Әбікен ерекше аталады - деңгейі бойынша ол көшбасшылардың біріне айналуы тиіс. Нойок пен Урошевич орталық аймақ пен қорғанысқа тәжірибе береді. Латифи алдыңғы шепке көмектесуі керек, ал Талыспаев, Серікұлы және Серікбай қазақстандық ойыншылар арасындағы таңдауды кеңейтеді. Баға - 10-нан 7.

5-орын. «Каспий» (келгендер - Данияр Усенов, Мейрамбек Қалмырза, Данила Нечаев, Павел Седько, Владислав Климович, Кеба Силла, Давид Эптон, Рамазан Абылайхан, Аян Байдавлетов)
Ақтаулықтар «Ертістегі» бейберекетті ең тиімді пайдаланған командалардың бірі болды: олар ҚПЛ-ге таныс беларусь триосын сол жақтан алып кетті. «Тобылдан» келген Усенов пен Қалмырза да бірінші айналым бойы аман қалу үшін күрескен ұжымға қалыпты күшейту болып көрінеді. Бұл трансферлердің көпшілігі ұзақ бейімделуді қажет етпейді, өйткені ойыншылар лиганың деңгейі мен ерекшелігін біледі.
«Каспий» шабуыл шебінде де дәл тапты: Силла екі рет гол соғып үлгерді. Ал «Ұлытауда» бірінші айналымды голсыз өткізген Абылайхан жаңа клубында жеті матчта үш гол соғып, алдыңғы шепте бірден қосымша мүмкіндік берді. Баға - 10-нан 7.

4-орын. «Қайрат» (келгендер - Марк Гуаль, Густаво Мендонса)
Алматылықтар жұмыс істеп тұрған құрамды бұзбай, Португалияның жоғары дивизионынан екі нүктелі трансфермен шектелді. Гуаль келген бойда өзін ақтай бастады: шабуылға гол мен қозғалыс қосты. Мендонса әзірге аз ойнады, бірақ «Ордабасыға» қарсы кездесуде жаман көрінген жоқ.
Қаржылық нәтиже де назар аударарлық: «Қайрат» шамамен 2,65 миллион еуро тапты. Оның 2,4 миллионы Дастан Сәтпаевтың ауысуынан, тағы 250 мыңы Дана Глейзердің трансферінен түсті. Клуб табыс тапты, негізгі өзегін сақтады және басты новичоктан пайда көріп үлгерді. Баға - 10-нан 7,5.

3-орын. «Тобыл» (келгендер - Ислам Чесноков, Райан Сенхаджи, Антонио Боршич)
Сәтсіз бірінші айналымнан кейін қостанайлықтарға жағдайды тез өзгертетін ойыншылар керек болды, әсіресе қорғаныста. Сенхаджи мен Боршич қысқа уақытта маңызды футболшыларға айналып, содан кейін «Тобыл» жиірек жеңіп, айтарлықтай сирек гол жіберетін болды.
Ал Чесноковтың қайта оралуы әзірге көңіл көншітпейді. ҚПЛ-де екі маусым бойы үздіктердің бірі болған ойыншы үшін шамамен 400 мың еуро төленді, бірақ Шотландиядан кейін ол оңтайлы бабында оралмай, әзірге бұрынғы Исламнан алыс. Баға - 10-нан 7,5.

2-орын. «Ордабасы» (келгендер - Тидиан Кейта, Бьорн Йонсен, Сергей Кейлер, Әбинұр Нұрымбет)
Шымкент клубы жазда нүктелі жұмыс жасап, деңгейі түсінікті футболшыларды таңдады. Йонсен жеті матчта бес гол соғып, «Қайрат» үшін Гуаль қаншалықты тиімді болса, дәл сондай нәтижелі олжаға айналды. Кейлер «Ұлытауда» бірінші айналымды жарқын өткізді, Нұрымбет «Оқжетпестің» ең қызықты жас ойыншыларының бірі саналған. Кейта тәжірибелі болғанымен, әзірге команданың ойынына өзгелерге қарағанда азырақ әсер етіп жүр.
Енді Андрей Мартиннің қақпашы позициясынан басқа дерлік барлық желіде бәсеке күшейді. Кейлер мен Нұрымбет негізгі құрамда тұрақты ойнайтын клубтардан амбициясы жоғары командаға келді - бұл «Ордабасының» қазіргі мәртебесін көрсетеді. Баға - 10-нан 8.

1-орын. «Ақтөбе» (келгендер - Абат Айымбетов, Гиорги Зария, Яни Атанасов, Сенна Мианг)
«Ақтөбе» күрделі нұсқаларды ойлап тап