2026 жылы Қазақстанның бірден екі басты футбол құрамасы нәтижелердің ұзаққа созылған құлдырауын бастан өткеруде. УЕФА Ұлттар лигасының бесінші турында Кишиневте Молдовадан сырт алаңда жеңілу (1:2) ұлттық құраманың жеңіссіз сериясын қатарынан жеті матчқа дейін ұзартты. Қазақстандықтар соңғы рет наурыз айында жолдастық кездесуде Комор аралдарын (1:0) тізе бүктіріп, жеңіске жеткен еді, содан бері төрт рет ұтылып, үш рет тең түсті. Маусым айында Талғат Байсуфинов баптаған команда Армениямен тең ойнап (1:1), Венгрияға жол берсе (1:3), күзде жаңа бас бапкер Джон ван ’т Схиптің жетекшілігімен Ұлттар лигасындағы бес матчтың бірде-бірінде жеңіске жете алмады. Турнир аясында Қазақстан Фарер аралдарымен екі мәрте тең түсіп (1:1 және 2:2), Словакиядан ұтылып (1:2) және Молдоваға екі рет есе жіберіп (1:2 және 1:2), екі ұпаймен C дивизионындағы өз тобының көш соңында келеді.
Қазақстан жастар құрамасының (U-21) статистикасы одан да мүшкіл — Шымкентте Беларусь құрдастарынан жолдастық матчта өз алаңында ұтылғаннан кейін (0:1) олардың жеңіссіз сериясы 14 кездесуге жетті. Жастар құрамасы соңғы жеңісіне бір жылдан астам уақыт бұрын — 2025 жылдың 5 маусымында Еуро-2027 іріктеу кезеңінің бастапқы матчында Андорраны (1:0) жеңген кезде қол жеткізген болатын. Осы уақыт аралығында аға бапкер қызметінде Андрей Ферапонтовты Владимир Чебурин алмастырған команда 13 рет жеңіліп, өз алаңында Молдоваға қарсы ойында (1:1) жалғыз тең нәтижеге қол жеткізді. Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде қазақстандықтар он турда төрт ұпай жинап, D тобында соңғы, алтыншы орынға тұрақтады, сондай-ақ Өзбекстан (U-20) мен Беларусь (U-21) құрамаларына қарсы қатарынан бес бақылау кездесуінде ұтылып қалды.
Екі команда да сәтсіз серияларын алдағы күндері үзуге тырысады. Жастар құрамасы 15 қарашада Шымкенттегі «Намыс» стадионында Беларуське қарсы екінші спарринг өткізсе, ұлттық құрама 16 қарашада Астанада Ұлттар лигасындағы өз тобының көшбасшысы — Словакия құрамасын қабылдайды.
