Қазір Катардың «Әл-Араби» клубында ойнайтын Сарабия Marca-ға берген сұхбатында сол кездегі дебютін еске алды. Ол «Сантьяго Бернабеуде» өткен Чемпиондар лигасының матчында алғаш рет «Реал» сапында алаңға шыққан.
«Моуриньюге өмір бойы алғыс айтамын. Ол маған өмірімдегі ең бақытты күндердің бірін сыйлады: «Бернабеуде» және Чемпиондар лигасында алғаш рет ойнауға мүмкіндік берді», — деді Сарабия.
Ол кезде испаниялық футболшы 18 жаста болған. «Бұл ғажап әсер еді. Сол күннің отбасым үшін мәні ерекше болды. Матчтан кейін олардың қуанғанын көру керемет еді», — деді ол.
Сарабия «Реалда» Роналдумен, ал «Пари Сен-Жерменде» Мессимен бірге ойнаған. Екеуінің айырмашылығы туралы сұраққа жауап бергенде, ол алдымен Роналдудың мінезіне тоқталды.
«Криштиану — нағыз көшбасшы. Оның мінезі де, алға ұмтылысы да бар. Оны футболда ғана емес, өмірдің барлық саласында үлгі тұтуымыз керек. Әркім өз ісінде күн сайын жақсарып, алдына мақсат қоюға тырысуы тиіс», — деді Сарабия.
«Роналду күн сайын бұдан да көпке ұмтылады, қабілетін шегіне дейін дамытты. Ал Мессидің таланты мен футболды қалай түсінетінін бәріміз көріп жүрміз. Оның ойлау жүйесі бөлек: бәрін әлдеқайда тез байқап, өзге ешкім қабылдай алмайтын шешімдер қабылдайды», — деді ол.
