Q Football

Ардақ Сәулет: «Чемпионат кестесі әрқашан заңды, ал Кубокта, меніңше, біз финалда ойнауымыз керек еді»

Ардақ Сәулет: «Чемпионат кестесі әрқашан заңды, ал Кубокта, меніңше, біз финалда ойнауымыз керек еді»
ФК Женис

«Жеңіс» жартылай қорғаушысы Qfootball басылымына берген эксклюзивті сұхбатында өткен маусымды қорытындылап, команданың ойын стилі мен Андрей Демченконың оралуымен қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берді

Ардақ, «Жеңіс» сапындағы екінші маусымыңыз артта қалды. Оны жеке өз тарапыңыздан қалай бағалайсыз?

- Бұл командалық спорт түрі болғандықтан, көп жағдайда футболшының жетістігі команданың нәтижесіне байланысты. Сондықтан нәтиже тұрғысынан маусым көңіл көншітпеді. Бірақ, айтпақшы, дәл осындай жеңілістер мен сәтсіздіктерде үлкен тәжірибе мен білім жинайсың. Осы жинақталған барлық тәжірибе мен білім қорын келесі маусымда пайдалануға тырысамыз.

Негізгі құрамның ойыншысы бола тұра, маусымдағы 27 матчта нәтижелі әрекеттермен көзге түсе алмағаныңыз біршама таңғалдырады. Бұл жайт намысыңызға тие ме?

- Иә, биылғы жыл мен үшін расымен өте «құрғақ» болды, бірақ бұл менің намысыма еш тимейді. Керісінше, болашақта матчтарға және түпкілікті нәтижеге көбірек әсер етуге ынталандырады. Ең бастысы — бұған бола уайымға салына бермеу. Тағы да қайталап айтамын, бастысы — командамен бірге жеңіске жету.

«Жеңістің» Премьер-лигадағы қорытынды сегізінші орнын қаншалықты заңды деп санайсыз?

- Меніңше, чемпионат кестесі әрқашан заңды. Бұл — өз мүмкіндігіңді пайдаланып, қажетті қарқын алуға әрдайым уақыт пен мүмкіндік болатын ұзақ марафон. Ал Кубокта, меніңше, біз финалда ойнауымыз керек еді, бірақ екінші жыл қатарынан сәттілік сәл жетіспей қалды.

Өткен маусымда «Жеңіс» матчтардың жартысын 1:0 есебімен жеңді. Бірінші болып гол соғып, басымдықты ұстап қалу туралы мақсатты тапсырма болды ма, әлде ойындар солай өрбіді ме?

- Биыл біз ойын жағынан Топ-4 қатарындағы кез келген қарсыласқа қиындық тудыра алатын команда болған шығармыз. Бірақ дәл солай қалған командаларға қарсы матчтарда әрдайым сенімді ойнай бермедік. Барлық ойындар өте тартысты әрі ауыр өтті.

«Жеңіс» ҚПЛ-да ұзын пастар саны бойынша №1 (1811) және жекпе-жектер саны бойынша №2 (2608) орында. Демек, команда айтарлықтай тәуекелге бармай, мақсатты түрде прагматикалық футбол ойнады деуге бола ма?

- Статистика солай көрсетіп тұрса, бәлкім, биыл біз күрес пен нәтижеге қатты басымдық берген болармыз. Сенімді әрі қарапайым ойнау туралы талап көбірек болды.

«Жеңістің» жаңа бас бапкері Андрей Демченко керісінше прессингке және көбірек гол соғуға басымдық беретін шабуылдаушы футболды ұнатады. Жеке өзіңізге футболдың қай стилі жақынырақ әрі ыңғайлырақ?

- Футболшы комбинациялық болсын, прагматикалық болсын, кез келген ойын стиліне бейімделіп, ойнай білуі керек, өйткені әртүрлі стильдер нәтижеге жеткізе алады. Дегенмен маған қысқа және орташа пастар көбірек қолданылатын комбинациялық футбол көбірек келетін сияқты. Андрей Анатольевичтің алаңдағы ойыншыларға қоятын талаптары мен идеялары өте қызықты.

Владимир Слишковичпен бірге жұмыс істеуден қандай әсер қалды?

- Жақсы бапкер әрі мықты психолог. Көптеген жас ойыншыларға мүмкіндік беріп, олардың өздерін жақсы қырынан көрсете алуымен есте қалды.

Келесі маусымда «Жеңістен» сегізінші орыннан әлдеқайда жоғары нәтиже күтетіні анық. Қалай ойлайсыз, команданың, мәселен, еурокубоктерге жолдама алуға немесе тіпті жүлделі орындар үшін күресуге шамасы жете ме?

- Иә, әрине. Келесі жылы алдымызға ең жоғары мақсаттар қойып, «Жеңістің» эмблемасы әрқашан кестенің басында тұруы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға міндеттіміз деп есептеймін. Тек «Жеңіс»!