Q Football

«Камп Ноу» бұрынғы атмосферасынан айырылып барады: «Барселона» жанкүйерлері клуб саясатына наразы

«Камп Ноу» бұрынғы атмосферасынан айырылып барады: «Барселона» жанкүйерлері клуб саясатына наразы

Испанияның Sport басылымы каталондық клубтың өз алаңындағы атмосферасына қатысты наразылық күшейіп келе жатқанын хабарлады. Журналистердің пікірінше, трибуналарда туристер санының артуы мен билет бағасының қымбаттауы дәстүрлі жанкүйерлерді біртіндеп ығыстырып жатыр.

Жағдайды «Камп Ноудағы» әлі аяқталмаған қайта құру жұмыстары да қиындатып отыр. Соның салдарынан стадионның үшінші ярусы жабық күйінде қалуда. Биылғы маусымда «Барселона» футболшылары жанкүйерлерді команданы белсендірек қолдауға бірнеше рет шақырды. Кей кездері қонақ команда жанкүйерлерінің дауысы алаң иелерінің қолдауынан басым түскен.

Қосымша наразылыққа клуб президенті Жоан Лапортаның «Реалға» қарсы матчтағы оқиғалардан кейін «Града д’Анимасьо» жанкүйерлер секторын жабу туралы шешімі себеп болды. Басшылық жанкүйерлердің әрекеті үшін санкцияға ұшыраудан қауіптенгенімен, бұл қадам Каталонияда наразылық туғызды.

Sport басылымы клуб басшылығын қаржылық көрсеткіштерге шамадан тыс көңіл бөлгені үшін сынға алды. Басылымның ескертуінше, табысты арттыруға деген ұмтылыс «Камп Ноуды» туристік нысанға айналдырып, стадионды өзіне тән дәстүрлі футбол атмосферасынан айыруы мүмкін.