– Маусымның ең сәтті трансфері деп қай ойыншының ауысуын айтар едіңіз?
– Менің ойымша, маусымның ең сәтті екі трансфері – «Қайрат» сапына қосылған Марк Гуаль мен Бьорн Йонсен.
Екеуі де жазғы трансферлік кезеңде келіп, бірден сұрмергендер жарысына араласты. Нәтижесінде бірінші және екінші орындарға жайғасты.
Екі футболшы да көп гол соғып, хет-трик жасады. Олар өздерінің жоғары деңгейдегі ойыншылар екенін дәлелдеп, чемпионаттың сапасын арттырды деп есептеймін.
– Үлкен бюджет пен жоғары амбицияға қарамастан, «Ақтөбе» неліктен үздік үштікке кіре алмады?
– Негізі, «Ақтөбенің» үздік үштікке кіруге мүмкіндігі болды. Тіпті чемпионат аяқталуына екі-үш тур қалғанда да теориялық мүмкіндік сақталды. Ол үшін қалған матчтардың барлығында жеңіске жетуі керек еді.
Бірақ команданың үштікке кіре алмауына чемпионат күнтізбесі немесе сыртқы жағдайлар емес, клубтың ішкі мәселелері себеп болды деп ойлаймын.
«Ақтөбе» басшылығы өз проблемаларын жақсы біледі. Маусым барысында клуб президенті ауысты, бас бапкер үш рет, тіпті төрт рет өзгерген болуы мүмкін. Спорттық директор да қызметінен кетті. Менің ойымша, клуб ішкі жұмыс жүйесін әлі толық қалыптастырып үлгермеген. Сондықтан биыл бесінші орын алғанына да шүкір деуге болатын шығар. Әрине, «Ақтөбе» – чемпиондыққа таласуға лайық команда. Маусым алдында оларды фавориттердің қатарына қосқанмын. Құрамы мықты, сапалы футболшылары жеткілікті. Бірақ футболда мұндай жағдайлар болып тұрады.
Менің ойымша, келесі маусымда «Ақтөбе» міндетті түрде чемпиондыққа таласады.
– «Жетісу» мен «Қайсардың» біріншіліктен ұшуы күтпеген жағдай болды ма?
– «Жетісу» мен «Қайсардың» Бірінші лигаға түсіп кетуін толықтай күтпеген жағдай деп айта алмаймын. Маусым басында «Жетісу», «Алтай», «Ертіс», «Каспий» және «Атырау» Премьер-лигада қалу үшін күреседі деп ойладым. Ал «Қайсар» бастапқыда бұл тізімде болған жоқ.
Бірақ кейін клубта жүйелі қателіктер жіберілді. Бас бапкер ауысты, басшылық өзгерді. Спорттық директор наурыз айында қызметінен босатылған, содан кейін бұл қызметке ешкім тағайындалмаған. Осындай шешімдердің салдары команданың нәтижесіне әсер етті.
Бастапқыда «Жетісу» мен «Алтай» төменгі лигаға түседі деп болжағанмын. Алайда кейін «Алтайдың» жағдайы өзгерді. «Қызылжарға» қатысты техникалық қателік орын алды, команданың өзі де гол соғып, қажетті ұпайларды жинай бастады. Нәтижесінде Премьер-лигада қалды, ал «Қайсар» төменгі дивизионға түсті.
«Жетісудың» жағдайына келсек, бұл нәтиже заңды деп ойлаймын. Команда бірінші турдан бастап аутсайдерлер қатарында болды және маусымды сол деңгейде аяқтады.
Клубта қаржылық қиындықтар болды. Футболшылар үш айлап жалақы алмады. Осындай жағдайда команданың Бірінші лигаға түсіп кетуін күтпеген нәтиже деп айту қиын.
– Биыл төрешілікке қатысты сын-пікірлер аз болмады. Жалпы төрешілердің жұмысын қалай бағалайсыз?
– Мен биылғы чемпионатта төрешілерге байланысты аса үлкен дау-дамай болды деп есептемеймін. Футболшылар жүз пайыз гол соғатын мүмкіндіктерді пайдалана алмай жатады. Бапкерлер ойыншыларды алмастырғанда қателеседі.
Төрешілер де дәл солай қателесуі мүмкін. Кейбір эпизодтарды байқамай қалуы ықтимал. Кейде пенальти болды ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. Мысалы, бір эпизодты он төрешіге көрсетсеңіз, бесеуі пенальти бар дейді, қалған бесеуі жоқ дейді. Өйткені әр маман жағдайды әртүрлі бағалайды. Менің ойымша, биыл бұрынғы жылдардағыдай үлкен төрешілік жанжалдар болған жоқ.
«Қайрат» пен «Ордабасы» чемпиондыққа таласты. «Оқжетпестің» төртінші орын алуы да заңды нәтиже. Команда сырт алаңда «Елімайды» 4:1 есебімен жеңді.
Қай кездесуде төрешілер өрескел қателік жіберді? Мұндай жағдайларды нақты атай алмаймын.Сондықтан жалпы алғанда, биыл төрешілер жақсы жұмыс істеді деп есептеймін.
– Келесі маусымда Бірінші лигадан көтерілетін «Шахтёр» мен «Тұранның» мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?
– Келесі маусымда «Шахтёр» Премьер-лигаға қайта оралады. Клубтың артында ірі компания тұр. Freedom компаниясының қолдауымен команда сапалы футболшыларды алып, құрамын күшейтеді деп ойлаймын.
Бірақ Бірінші лигадан көтерілген команда болғандықтан, белгілі бір қиындықтарға тап болады. ҚПЛ-де тұрақты өнер көрсетіп жүрген футболшыларға бірден қарсыласу оңай емес. Сондықтан сәуір-мамыр айларына дейін «Шахтёр» біраз қиналып, кейін өз ойынын табады деп ойлаймын. Чемпионаттың алғашқы бөлігі олар үшін бейімделу кезеңі болуы мүмкін.
«Тұранға» да осындай жағдай тән. Команда сапалы футболшылар мен легионерлерді шақырып, құрамын күшейтуі қажет. Биыл олар легионерлерсіз ойнады. Енді шетелдік ойыншылар келген жағдайда команданың деңгейі өзгеруі тиіс. Дегенмен трансферлік жұмыстың қалай жүргізілетінін, чемпионатқа қалай дайындалатынын, бас бапкердің ауысатынын немесе қалатынын көру керек.
Қалай болғанда да, Бірінші лигадан Премьер-лигаға көтерілген командалар алғашқы кезеңде міндетті түрде қиындықтарға тап болады.
– ҚПЛ-дың келесі маусымында қандай өзгерістер болғанын қалар едіңіз?
– Менің ойымша, қазақстандық футболда көптеген дау-дамай мен түсінбеушілік тудырып жүрген мәселелерді шешудің ең маңызды жолы – трансляция сапасын арттыру.
Жақында Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы қызметіне Скотт Манн келді. Ол бір подкаста ҚФФ ұйымдастыратын трансляциялардың сапасын қатты сынға алды. «Мен Англиядан келдім, Австралияда жұмыс істедім. Қазақстандағы трансляция сапасы өте төмен. Бұлай болмауы керек», – деген пікір білдірді.
Шынымен де, қазір кейбір төрешілік шешімдерді біз де дұрыс көре алмаймыз. Қайталау көрсетілгеннің өзінде не болғанын анықтау қиын. Бейнені үлкен мониторға шығарсаңыз, сурет бұлдырап кетеді.
Мысалы, «Ақтөбенің» ойыншысы Соса гол соққан кезде доп қолына тиді ме, жоқ па деген дау туындады. Бір видеоблогер сол эпизодты қақпаның артынан түсіріп алған екен. Оның видеосынан қарағанда, доп қолына тиген сияқты. Ал ресми трансляциядан қарасаңыз, тимегендей көрінеді.
Мұндай жағдайда төрешіні қалай кінәлаймыз? Біз миллиондаған көрермен теледидар алдында отырып, қайталауды бірнеше рет көргеннің өзінде нақты шешімге келе алмаймыз. Ал төреші сол эпизодты бір секундтың ішінде бағалауы керек. Бұл өте қиын.
Сондықтан ең алдымен трансляция сапасын көтеру қажет. Матчтар кем дегенде Full HD форматында, сапалы камералармен түсірілуі тиіс. Криштиану Роналду гол соққан кезде доп оның шашына тиді ме, жоқ па деген жағдай есіңізде ме? Сол эпизодты жақындатып көрсетіп, доптың шашының ұшына тиген-тигмегеніне дейін анықтауға тырысты. Бізге де осындай сапа керек.
Ондай деңгейге жетпейінше, дау-дамай жалғаса береді. Біреулер доп қолға тиді дейді, екіншілері тимеді дейді. Ал төреші де оны нақты көре алмауы мүмкін. Егер трансляция сапасы жоғары болса, даулы эпизодтарды анық көрсетіп, шешімнің дұрыстығын дәлелдеуге мүмкіндік туады. Көзге анық көрініп тұрған нәрсеге ешкім таласпайды.
Сондықтан келесі маусымда ең алдымен ҚПЛ трансляцияларының сапасы жоғары деңгейге көтерілгенін қалаймын.
Журналистер футболшылардан сұхбат алып, сапалы контент дайындауы керек. Матчтарды көрсету мәдениетін дамыту қажет. Қазір кейбір кездесулерді стадион трибунасының төбесіне немесе шатырға орнатылған камерамен түсіреді. Футболшылар алаңда кішкентай болып көрінеді. Бірнеше ойыншы өзара пас алмасып жатады, бірақ кімнің не істеп жатқанын ажырату қиын.
Бұл мәселені міндетті түрде шешу керек. Трансляция сапасы жақсарса, Қазақстан футболының дамуына да оң әсер етеді.
