Испаниялық маман «Сан-Сирода» да өз ойын қағидаларынан бас тартпаған Альвинидің бапкерлік философиясын қолдайтынын айтып, жұртшылықты бапкерлердің жұмысын бір матчтың нәтижесіне қарамастан байыппен бағалауға шақырды.
«Мен де Альвинидің «Миланға» қарсы жасағанын істеймін және өз идеяларымды ұстанамын. Әрине, жеңіске жету үшін ойынды басқара білу керек болатын матчтар бар, бірақ біз құрып жатқан жақсы нәрсенің бәрін өзгертпеймін. Маған тұрақтылық пен бәрін бақылауда ұстай білу ұнайды, бірақ бұл оңай емес. Мен бүгін де Альвинидің тамаша бапкер екенін естігім келеді. 1:5 есебімен жеңілсе де, бұл — өзіндік болмыс пен батылдық. Жеңілсең — түкке тұрмайсың, ал жеңсең — данышпансың. Тепе-теңдік болуы керек», — деп атап өтті Фабрегас.
«Комо» бапкері Италия чемпионатындағы оң өзгерістерді де атап өтті: оның айтуынша, футбол өзгеріп жатыр, төрешілер ереже бұзушылықтарды жиірек тіркейді, ал уақыт созу мен симуляция жасау тактикасы нәтиже бермей барады. Соның арқасында А сериясы Еуропаның ең мықты екі-үш лигасының біріне айналып келеді.
Өз командасы туралы айта келе, Фабрегас «Кальяриге» қарсы жуырдағы матчты мақтан тұтатынын білдірді. Ұлттық құрамаларға шақырылған ойыншылар оралғаннан кейін бапкерлер штабына бірқатар өзгеріс жасауға тура келген: Лукас Да Кунья Нико Пастың орнына өзіне үйреншікті емес шабуылдаушы жартылай қорғаушы позициясында ойнады, Самуэле Риччи мен Маттиа Либерали негізгі құрамда сәтті өнер көрсетті, ал Майкель Ладо қосалқы құрамнан алаңға шығып, өзін жақсы қырынан танытты. Сонымен бірге испаниялық маман клубтың жетістіктеріне байыппен қарауға шақырды: «Біз үшін ештеңе өзгермейді. Біз — кім екенімізді жақсы білетін шағын клубпыз. Моццатедегі базада керемет атмосфера орнаған. Қазір ойыншылар туралы әлдеқайда көп айтылып жүр, бұл олардың есейіп, жетілуіне көмектеседі. Бәрі әлі ең бастапқы кезеңде — біз соңғы нүктені емес, жолдың өзін ойлаймыз».
Бапкер Ян Коутудың рөліне жеке тоқталып, бразилиялықты «Жирона» мен дортмундтық «Боруссияда» дәлелдеген әмбебаптығына сеніп алғандарын атап өтті. АЕК-пен алдағы кездесуге «Комо» өткен ойындағы құраммен, оған жастар командасының бір тәрбиеленушісін қосып шығады. Грекиялық қарсыласын сипаттай келе, Фабрегас матчтың өте қиын болатынын ескертті: «Гректер — тамаша команда. Олар «Реал» мен «Шахтерге» қиындық туғызды, физикалық тұрғыдан мықты әрі менталитеті тамаша. Бізге барынша тиімді әрекет етуге тура келеді».
