Оның ойынша, жеңіліске басты жауапкершілік ұлттық құраманың бас бапкері Джон ван ’т Схипке жүктелуі керек. Бұл туралы ASnews.kz хабарлады.
«Меніңше, бұл — бапкердің жеңілісі. Қолда бар үздік футболшыларды құрамаға шақыру жеткіліксіз. Ең бастысы — олардың мүмкіндіктерін ескеріп, ойынды дұрыс ұйымдастырып, нәтижеге қол жеткізу. Бұл кездесуде бізге жеңіс қажет болды. Сондықтан батылырақ ойнап, тәуекелге көбірек бару керек еді.
Мен 4-3-3 схемасын таңдар едім. Қарсыласты жоғарыдан қарсы алып, ұйымшыл түрде прессинг жасап, шабуылда қысымды күшейту қажет болатын.
Киім ауыстыратын бөлмеде не айтылғанын білмеймін, бірақ алаңда осындай маңызды матчқа қажет жігерді көре алмадым. Әрине, футболшылардың да жауапкершілігі бар. Дегенмен команданы дайындау, ойыншыларды жігерлендіру және қажет сәтте ойынға өзгеріс енгізу — ең алдымен бапкердің міндеті. Сондықтан негізгі сұрағым бас бапкерге бағытталған», — деді Шалекенов.
Еске салайық, Кишиневте өткен кездесу Молдова құрамасының 2:1 есебімен жеңісімен аяқталды. Алаң иелері сапында Петру Попеску дубль жасаса, Қазақстан құрамасының жалғыз голын Ислам Чесноков соқты.
Бұл жеңілістен кейін Джон ван ’т Схип шәкірттері Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылды. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы ойынын 16 қарашада «Астана Аренада» Словакияға қарсы өткізеді.
