Басылым мәліметінде Инфантиноның Азияға және Кариб өңіріне ерекше назар аударғаны айтылады. Мәселен, Бутанға барған сапарында ол корольмен, премьер-министрмен және жергілікті футбол федерациясының басшысымен жүздескен. Осыдан кейін көп ұзамай Азия футбол конфедерациясы Инфантиноның қайта сайлануын қолдайтынын мәлімдеді.
Бұл қолдау бұған дейінгі ұстаныммен салыстырғанда өзгеріс ретінде бағаланады. Себебі бірнеше ай бұрын АФК УЕФА және КОНКАКАФ-пен бірге Инфантиноны ФИФА-ның коммерциялық бизнесіне жеке инвесторларды тарту жоспары үшін сынаған болатын.
Инфантиноға қолдауды дауыс беру құқығы бар 25 ұлттық қауымдастықтан тұратын Кариб футбол одағы да білдірді. Financial Times дерегіне сүйенсек, тамыздың ортасынан бері ФИФА президенті бұл өңірге үш рет барған.
Осы тұста ФИФА 2027-2030 жылдар аралығында 211 ұлттық қауымдастықтың әрқайсысына бөлінетін қаржыландыру көлемін 10 миллион доллардан 25 миллион долларға дейін өсіруді ұсынды.
Инфантиноның жиі сапарлары қарсыластары тарапынан сынға ұшырап отыр: олар мұны сайлауалды науқанның бір бөлігі деп санайды. Атап айтқанда, тамыз айында Иордания футбол федерациясын басқаратын ханзада Әли бин Хусейн ФИФА Инфантиноға қолдау жинау үшін жергілікті федерацияның мәселелерін шешуге көмектесуді ұсынды деп айыптаған. Кейін АФК бұл мәлімдемелерді өздерінің сот органдарының қарауына жолдады.
ФИФА болса айыптауларды жоққа шығарып, ұлттық федерациялармен және саяси көшбасшылармен байланыс орнату ұйым президентінің қызметтік міндеттеріне кіретінін атап өтті.
