Q Football

Құқық қорғаушылар ФИФА-дан Иран футболына қатысты шара талап етті

Құқық қорғаушылар ФИФА-дан Иран футболына қатысты шара талап етті

Иранда ер адамдарға әйелдер футболының матчтарына баруға толық тыйым салынды. Үш құқық қорғау ұйымы ФИФА-дан Иран футбол федерациясына қатысты шара қолдануды сұрады.

Хьюман Райтс Уотч, Эмнести Интернэшнл және Спорт энд Райтс Альянс жаңа шектеуге қарсы шықты. Тыйым бапкерлерге, төрешілерге, журналистерге және футболшы әйелдердің туыстарына да қатысты.

The Athletic мәліметінше, Иран клубтары бұл туралы чемпионатты ұйымдастырушылардан қазан айында хабар алған. Бұған дейін ер адамдардың кейбір санаттарына матчқа кіруге рұқсат берілетін. Жаңа ереже сол рұқсаттардың бәрін жойды.

Құқық қорғаушылар мұны жынысына қарай кемсітуге тыйым салатын ФИФА жарғысын бұзу деп санайды. Жарғы бойынша ФИФА ұлттық федерацияны ұйымнан шығаруға дейін шара қолдана алады. Хьюман Райтс Уотч өкілі Минки Ворден ФИФА-ны келіссөзбен шектелмей, осы тетіктерді қолдануға шақырды.

Иранда әйелдерге ерлер футболының матчтарына баруға 1981 жылдан бері тыйым салынған. 2023 жылғы желтоқсанда шектеу ішінара жеңілдеп, әйелдерге кейбір халықаралық және клубтық ойындарды көруге рұқсат берілді.

Ал The Athletic-тің ФИФА-дағы дереккөздері ұйым Иран футбол федерациясымен келіссөзді жалғастырмақ екенін айтты. ФИФА әзірге мәселені шешудің ең тиімді жолы осы деп есептейді.