Q Football

ҚФФ мен Football For Kids балалар футболын дамыту туралы келісімге қол қойды

ҚФФ мен Football For Kids балалар футболын дамыту туралы келісімге қол қойды
kff.kz

Қазақстан футбол федерациясы мен Football For Kids қоғамдық қоры бұқаралық спортты танымал етуге, өңірлердегі балалар секцияларын дамытуға және жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен Football For Kids қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға ресми түрде қол қойды. Келісім 2027 жылдың соңына дейін күшінде болады және балалар үшін футболдың қолжетімділігін арттыруға, елде бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға және өңірлік жаттықтырушылардың кәсіби өсуіне бағытталған.

Бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі Football For Kids қорының коммерциялық емес бастамасы — Қазақстанның шағын қалалары мен ауылдық елді мекендерінде балалар футболын дамытуға бағытталған Supernovas жобасы болмақ. Бағдарлама аясында жас спортшылар футболмен тұрақты әрі тегін айналысуға мүмкіндік алады, ал жергілікті мамандар бейіндік оқудан өтіп, ойыншыларды даярлаудың заманауи әдістемелерін меңгереді. ҚФФ-ның қолдауымен Supernovas білім беру платформасы құрылып, D санатындағы жаттықтырушы лицензиясын алуға арналған қашықтан оқу курсы іске қосылды.

Қол қойылған құжатқа сәйкес, тараптар кадрларды бірлесіп даярлауды, әдістемелік құралдар әзірлеуді және өңірлік жаттықтырушылар қауымдастығына қолдау көрсетуді жалғастырады. Серіктестік аясында церебралды сал ауруы бар адамдарға арналған футболды (CP Football) дамытуға, сондай-ақ бірлескен оқу семинарлары мен спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді.