Оқиға қазанда «Сьюдад де Янцаса» мен «Рио Агуарико» кездесуінде болды. 96-минутта алаң иелерінің қосалқы орындығында отырған Перлаза алаңға тас лақтырды. Тас төрешінің көмекшісі Ленин Джованни Охеда Нуньестің бетіне тиді. Ойын дереу тоқтатылып, матчтың күші жойылды.
Эквадор футбол федерациясының мәліметінше, төрешінің бетіне ота жасау қажет болды. Тәртіп комитеті Перлазаны матчтың ресми өкіліне күш қолданды деп танып, оны 2034 жылға дейін футболға қатысты кез келген қызметтен шеттетті. Федерация бұл жазаның өзге елдерде де қолданылуын сұрап, ФИФА-ға ресми өтініш жолдады.
«Сьюдад де Янцаса» басшылығы төрешілер мен жанкүйерлерден кешірім сұрап, күш қолдануды айыптады. Клуб кінәлі ойыншы анықталған соң Перлазаның келісімшартын дереу бұзды.
Федерация клубқа 2000 доллар айыппұл салып, төрешінің 4000 доллардан асқан ем шығынын толық өтеуді міндеттеді. Команда келесі 3 үй матчын өз стадионынан тыс жерде өткізеді.
