Әлібековтің сөзінше, жаңа нысан 60 мыңдық кластердің бір бөлігі болады және Орталық Азиядағы ең үлкен стадионға айналуы тиіс. Ол өңірдегі өзге ареналармен салыстырып, Ташкентте 55 мың, Бішкекте 51 мың орын барын атап өтті. Сондай-ақ, ол ірі турнирлердің финалдары үшін 60 мыңдық көрсеткіш маңызды екенін айтты.
«Стадион 60 мыңдық кластердің бір бөлігі болады, бұл - Орталық Азиядағы ең үлкен стадион. Неге мен 60 мыңды қаладым? Өйткені Ташкентте - 55, Бішкекте - 51. Қарап шықтым: Чемпиондар лигасының финалы - мүмкін 60 мың, әлем чемпионатының финалы - 60 мың, Еуро - 60 мың. Яғни қазір 35 мыңға салып жатқанымыз ешқайда өтпейді. 40 мың да... Қазір бізде ондай стадион қанша? Көп емес, екі-ақ стадион болған. Алматыда сәл жоғарырақ еді, түрлі жарыстарға өтетін межесі - 40 мың, яғни талап - 40 мың. Сондықтан 60 мыңдық стадион салып, Чемпиондар лигасының финалын өткізуге ниеттеніп отырмыз, бәлкім, 10 жылдан кейін Шымкентте. Керемет болмай ма?» - деді Әлібеков.
Шымкенттегі жаңа стадионның құрылысы ресми түрде 2024 жылдың маусым айының соңында капсула мен іргетасты салтанатты түрде қалау рәсімімен басталған. Алғашқы жобада арена 35 мың көрерменге есептелді. Бірақ 2026 жылдың шілдесінде билік жобаны қайта қарап, сыйымдылықты 55-60 мың орынға дейін арттыру жөнінде шешім қабылдады. Жоба ФИФА-ның жоғары стандарттарына сай болып, ең ірі халықаралық жарыстарды қабылдауға мүмкіндік бермек.
