Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі үшінші турда «Аталантаға» қарсы өтетін сырт алаңдағы ойын алдында «Қайраттың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Жора Арутюнян команданың көңіл күйін сипаттады. Оның айтуынша, футболшылардың бәрі сапта, денсаулықтары жақсы, ал ертеңгі матчта команда бар күшін салады.
Арутюнян «Аталантаның» деңгейіне де тоқталды. Ол италиялық клубты Чемпиондар лигасының деңгейіндегі команда деп бағалап, өздері талдаған ойындар бойынша «Аталанта» былтыр «Қайрат» жақсы ойнаған «Интерден» кем түспейтінін айтты. «Мұнда болу өте толқынысты. Жігіттердің бәрі сапта, денсаулықтары жақсы, көңіл күйлері көтеріңкі - ертең футболшылар 100 пайызға барын салады. Бір жыл бұрын мұндай болады деп ешкім ойламаған шығар. Бұл - өмір, әрі біздің арманымыз - негізгі құрамдағы «Қайратқа» келу. Өткен жылмен салыстырсақ, команда Чемпиондар лигасында ойнады. «Аталанта» - Чемпиондар лигасының деңгейіндегі клуб. Біз талдаған матчтарға қарасақ, бұл команда былтыр біз жақсы ойын көрсеткен «Интерден» еш кем емес. Жігіттердің көңіл күйі жақсы, бұл өте маңызды», - деді ол.
Бапкердің сөзінше, дайындық бұрынғы жоспар бойынша жүріп жатыр және қобалжу жоқ. Ол қарсыласқа әдеттегідей дайындалып жатқанын, сондай-ақ Маурицио Сарридің өзіне тән стилі бар екенін атап өтті. «Менде қобалжу жоқ. Қарсыласқа бұрынғыдай дайындалып жатырмыз. Маурицио Сарридің өзіне тән стилі бар, ертең соған қарсы тұруға тырысамыз», - деді Арутюнян.
Тактикалық өзгерістерге қатысты маман түбегейлі жаңалық жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, командада жүйе қалыптасқан, сондықтан дайындық көлемі де өзгермеген: «Алтайға» дейін үш жаттығу, «Аталантаға» дейін де үш жаттығу өткізілген. Сонымен бірге қарсы прессинг бағытында өз көзқарастарын қосуды қалайтынын айтты. «Өзгерістерге келсек: «Алтайға» дейін үш жаттығу, «Аталантаға» дейін де үш жаттығу өткіздік. Түбегейлі ештеңе өзгертудің қажеті болған жоқ, өйткені клубта жүйе жолға қойылған, команда шамамен бір жүйеде ойнайды. Қарсы прессинг тұрғысынан тек өз көзқарасымызды қосуды қалаймыз», - деп қосты ол.
Арутюнян Қазақстан чемпионатының аяқталғаны матчқа әсер етпейді деп есептейді. Оның сөзінше, «Аталанта» мұндай күнтізбеге үйренген, ал «Қайраттың» дайындығы да соған байланысты өзгермейді.
Еурокубоктағы мақсатқа келгенде, бапкер команда ойыннан ойынға қарай ілгерілеп келе жатқанын және қарсыластардың деңгейін түсінетінін айтты. Ол футболшылармен Қазақстан үшін еурокубокта тарихи жеңіске жету туралы сөйлескенін жеткізді. «Біз ойыннан ойынға қарай жылжып келеміз және барлық қарсыластың деңгейін түсінеміз. Жігіттермен Қазақстан үшін еурокубокта тарихи жеңіске жеткіміз келетіні жайлы сөйлестік, соны жүзеге асыруға тырысамыз. Қалай боларын әзірге нақты білмейміз, бірақ белгілі бір жоспар бар. Өз алаңымыздың қолдауы көмектеседі, сол ұпайларды алуға талпынуымыз керек», - деді маман.
Сонымен қатар ол Рафаэль Радикович Уразбахтиннің еңбегін ерекше атап өтті. Арутюнянның айтуынша, Уразбахтиннің жетістіктері - екі чемпиондық, Чемпиондар лигасы және Конференция лигасы - ұзақ уақыт есте қалады. «Рафаэль Радикович Уразбахтиннің еңбегін бәрі көріп отыр және оны ұзақ уақыт еске алады: екі чемпиондық, Чемпиондар лигасы, Конференция лигасы. Бұл - еліміздегі бірегей бапкер, біз соған қарап бой түзеуіміз керек», - деді ол. Бапкердің сөзінше, «Алтаймен» ойын алдында Уразбахтин кеңес беріп, сәттілік тілеген. «Болған өзгерістерді талқыламаймыз, ол - біздің құзыретіміз емес, бірақ оның қосқан үлесі баға жетпес. Бұл жетістікті қайталау өте қиын болады, дегенмен қазақстандық бапкерлердің бәрі одан үлгі алуы керек», - деп түйіндеді Арутюнян.
Жора Арутюнян Дәулет Орынбасардың жағдайына да тоқталды. Ол футболшыға әлі жасөспірімдер деңгейінде өзін толық дәлелдеу керегін айтып, «Қайрат-Жастарға» ауысу оңай тимегенін жеткізді. «Оған әлі жасөспірімдер деңгейінде өзін толық дәлелдеу керек. «Қайрат-Жастарға» ауысуы оған ауыр тиді - біз қалағандай көп гол соғып жүрген жоқ. УЕФА Жасөспірімдер лигасында ол өз позициясындағы бәсекелестермен таласып жүр. Еңбектенуді жалғастырса, бәрі жақсы болады деп ойлаймын», - деді бапкер.
Конференция лигасының 2026/27 маусымындағы жалпы кезеңнің үшінші турындағы «Аталанта» - «Қайрат» матчы 2026 жылдың 5 қарашасында, бейсенбі күні Бергамода өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 22:45-те басталады.
