Q Football

Роман Мұртазаев: «Басшылық тиісті қорытынды шығарып, келесі жылы команда жақсырақ өнер көрсетеді деп үміттенемін»

Роман Мұртазаев: «Басшылық тиісті қорытынды шығарып, келесі жылы команда жақсырақ өнер көрсетеді деп үміттенемін»
Роман Муртазаев (с) Vesti.kz

«Елімай» шабуылшысы «Футбол жолы» арнасына көлемді сұхбат берді. Біз ең қызықты тұстарын таңдап алдық.

Маусым қорытындысы туралы: «Қиын маусым болды, алдымызға мүлде басқа міндеттер қойылған еді. Алға қойған көптеген мақсатқа жете алмадық. Еурокубоктарда лайықты өнер көрсетіп, оларға қайта жолдама алғымыз, чемпионатта жоғарырақ орын иеленгіміз келді, бірақ бәрі жоспарлағанымыздай болмады. Көптеген қажетсіз қателік жіберіп, көп ұпай жоғалттық, сөйтіп маусым күткеніміздей өтпеді. Бұл — футбол, мұндай да болады. Басшылық қажетті қорытынды жасап, келесі жылы команда жақсырақ өнер көрсетеді деп үміттенемін».

Андрей Карповичтің кетуі туралы: «Андрей Владимировичтің кететінін ешкім күтпеді, оның үстіне онымен бірге клубтан бүкіл жаттықтырушылар штабы кетті. Чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда неліктен бұлай болғанын толық түсінбедік, бірақ басшылықтың шешімі осындай болды».

Мансабында жүзеге аспаған трансферлер туралы: «Венгриялық «Уйпешттен» ұсыныс болды — клуб президентімен тікелей сөйлестім. Бірақ мұның бәрі ковид кезінде болды, сондықтан барған соң мені екі апталық карантин күтіп тұрған еді, ешқайда шыға алмас едім, оның үстіне, локдаунға байланысты виза мәселесін шешу де қиын болды. Ал Венгрияда маусым қызған шағында еді, қанша уақытты өткізіп алатыным белгісіз болды. Әзербайжандық «Туран» мен Қазанның «Рубин» клубының өкілдерімен де сөйлестім. Ферғаналық «Нефтчимен» бірге Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына бардым, бірақ сол кезде олардың негізгі тірек жартылай қорғаушысы жарақат алып, маған команданы қайта жасақтап, шетелдік ойыншылармен қоштасатынын айтты. 2023 жылы Таиландқа шақырды, бірақ мен «Шахтёрде» қалуды шештім. Өткен қыста «Ақтөбеге» ауысу мүмкіндігі болды, бірақ клуб келіссөзді ұзаққа созды, сондықтан келісе алмадық. Ал «Елімай» бірден нақты шарттарын айтты, команданың алдында нақты міндеттер тұрды. Бәрі қағаз жүзінде рәсімделді, мен де ұзақ күте алмадым. Осы маусым аяқталғаннан кейін әзірге ұсыныс жоқ, «Елімайдың» басшылығымен де, басқа клубтармен де сөйлескен жоқпын, демалыстан кейін сөйлесемін. Қызықты ұсыныс пен сапалы инфрақұрылым болса, шетелдегі нұсқаларды да қарастыруға дайынмын».

«Ордабасының» чемпион атануы туралы: «Бәрі заңды. Жазда команда жақсы күшейді, жаттықтырушылар штабы мықты, ойыншылары сапалы болды және жалпы клубтағы жұмыс сағат сияқты жүрді. Чемпионат пен Кубоктағы жеңістер — заңды нәтиже. Меніңше, қазір Бьорн Йонсен — «Орданың» басты ойыншысы. Оған доп жеткізіп берді, ал ол гол соқты. Кез келген командада шабуыл шебінде жүрген ойыншы жеңіс әкеледі, соның арқасында нәтижеге қол жеткізіледі. «Ордабасыда» бәрі оған ойнады, ал ол өз ісін атқарды. Төлқұжатына мүлде қараудың қажеті жоқ. Бьорн келіп, бәрін дәлелдеді, соның ішінде жастың маңызды емес екенін де көрсетті. Йонсен — ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ойнап жүрген тәжірибелі шабуылшы, жарты маусым ғана ойнап, чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Менің ойымша, ол маусымның үздік ойыншысы атағына әбден лайық».

Жалақының кешіктірілуі туралы: «Бұл — бүкіл мансабым бойы кездесіп келе жатқан чемпионатымыздың ажырамас бөлігі. 2016 жылы «Ертіспен» қола жүлде алғанымызда, бізге жарты жыл бойы бір тиын да төлемеді. Оған дейін, 2014 және 2015 жылдары «Шахтёрде» де жарты жылдап ақшасыз отырдым. Қазір жағдай жақсы жаққа өзгерді, бірақ бұрын бұл үйреншікті нәрсе еді. Бақытымызға қарай, «Елімайда» мұндай мәселе жоқ, бәрі уақытында төленеді».

Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы өнері туралы: «Деңгейіміз жетпейді: ойыншылардың да, лигамыздың да. Мәселе менталитетте немесе басқа нәрседе емес, жай ғана деңгейіміз басқа құрамалардан төмен. Бойыңнан биікке секіре алмайсың. Чемпионаттың деңгейі төмендеді, оған қоса ұрпақ алмасуы жүріп жатыр, жігіттердің шыңдалуын күту керек».