Q Football

Өзбекстан құрамасы Аргентинамен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін еді

Өзбекстан құрамасы Аргентинамен жолдастық кездесу өткізуі мүмкін еді
UFA

Өзбекстан құрамасының бас бапкері Фабио Каннаваро команда капитаны Элдор Шомуродовпен бірге Иранмен өтетін жолдастық кездесу алдында журналистермен тілдесті

«Баршаңызға сәлем. Әлем чемпионатынан кейін жақсы қалыптасқан командаға қарсы жолдастық кездесу өткізгелі отырмыз. Өз басым Өзбекстан футбол қауымдастығынан мықты қарсыластардың бірімен ойнауды сұрадым. Иран туралы артық мақтау айтудың қажеті жоқ. Азиядағы ең үздік құрамалардың бірі, сапында тәжірибелі ойыншылар бар», - деді Каннаваро.

Команда капитаны Элдор Шомуродов ұлттық құраманың қайта жиналғанын және мақсат өзгермейтінін жеткізді. Оның сөзінше, әр матчта міндет - жеңіске ұмтылу.

«Біраз уақыттан кейін ұлттық құрама елеулі өзгерістермен қайта жиналды. Мақсатымыз ешқашан өзгерген емес. Әр матчта алаңға шығып, жеңіске жетуіміз керек. Ферғанада соңғы рет жастар құрамасымен Жаңа Зеландияға қарсы ойнағанымызда да стадионда керемет атмосфера болған. Алдағы кездесуде жеңіске жету үшін барымызды саламыз», - деді Шомуродов.

Баспасөз мәслихатында Каннавароға Азия кубогындағы ықтимал сәтсіздік жағдайында отставкаға кету туралы сұрақ қойылды. Бапкер бұл тақырыпты талқылаудан бас тартып, әзілмен жауап қатты: «Біз қазір ертең болатын матч туралы сөйлесіп отырмыз (күледі)».

Сондай-ақ Каннаваро Аргентинамен жоспарланған жолдастық ойынның неге өтпей қалғанын түсіндірді. Ол келіссөз расымен болғанын айтып, матчқа үш апта қалғанда Аргентина футбол федерациясы Мессидің қоштасу рәсіміне байланысты бас тартқанын жеткізді.

«Иә, шынымен де Аргентина ұлттық құрамасымен келіссөз жүргіздік. Алайда ойынға үш апта қалғанда Аргентина футбол федерациясы Мессидің қоштасу рәсіміне байланысты бұл матчқа қатысудан бас тартты. Өйткені олар кездесуді Аргентинада өткізгісі келді. Содан кейін басқа қарсылас табуға мәжбүр болдық. Дұрыс, Сирия аргентиналықтардай мықты емес. Дегенмен Аргентина секілді топ-команда табуға тырыстық, бірақ оған мүмкіндік болмады. Меніңше, Сириямен де жақсы ойын өтеді», - деді ол.

Жиынға әлем чемпионатына қатысқан, бірақ бұл жолы шақырылмаған футболшылар туралы сұраққа Каннаваро ұлттық құраманың ешкімге жабық емес екенін айтты. Оның сөзінше, кей ойыншылар жарақат алған, кейбірі клуб таба алмаған, ал енді бірінің ойын деңгейі төмендеген.

«Ұлттық құраманың есігі бәріне ашық. Әлем чемпионатынан кейін кейбір ойыншылар жарақат алды. Кейбірі клуб таба алмады, енді бірінің ойын деңгейі төмендеді. Бірақ бәрінің мүмкіндігін жақсы білеміз. Бұл жиында басқаларға мүмкіндік беруді жөн көрдік. Дегенмен ұлттық құраманың есігі бәріне ашық», - деді Каннаваро.