Q Football

Асхат Балтабеков: «Болашаққа үмітпен қараймын және әлі де бірнеше жақсы маусым өткізгім келеді»

Асхат Балтабеков: «Болашаққа үмітпен қараймын және әлі де бірнеше жақсы маусым өткізгім келеді»
© ФК Жетысу

Өткен маусымда «Жетісу» көшбасшыларының бірі болған футболшы Qfootball-ға берген сұхбатында команданың Премьер-лигадан неліктен түсіп қалғаны, мансабындағы ең үздік маусымдардың бірін қалай өткізгені және 30 жастан кейінгі спорттық өрлеудің сыры туралы ой бөлісті.

Өткен маусымнан қандай әсер қалды?

- Маусым өте қиын болды, бәлкім, соңғы уақыттағы ең көп эмоцияға толы маусымдардың бірі шығар. Жақсы сәттер де, қиындықтар да болды. Әрине, қол жеткізген нәтижеміз көңілге қаяу түсіреді. Осыншама еңбек етіп, алаңда барыңды салғаныңмен, команда түпкі мақсатына жете алмаса, мұны қабылдау ауыр. Бірақ жеке өзім үшін маусым жақсы өтті деп айта аламын. Өзімді сенімді сезіндім, ойыннан ләззат алдым, командаға пайдамды тигізуге тырыстым. Сондықтан сезімім екіұдай. Бір жағынан, өз ойыныма көңілім толады, екінші жағынан, команданың нәтижесіне көңілім қалды.

Жеке өзіңіз үшін мансабыңыздағы ең жарқын маусымдардың бірін өткіздіңіз. Соңғы 5 жылда алғаш рет 32 матчқа қатысып, 10 нәтижелі әрекет жасадыңыз (4 гол және 6 голдық пас). Бұл — мансабыңыздағы ең нәтижелі жыл. Мұндай көрсеткішке жетуге не көмектесті?

- Меніңше, бұған бірнеше фактор әсер етті. Ең алдымен, физикалық жағдайым, бапкерлер штабының сенімі және тұрақты ойын уақыты. Үнемі ойнап, өзіңе сенім артылғанын сезінгенде, бойыңда сенімділік пайда болып, қабілеттеріңді жақсырақ көрсете бастайсың. Мен әрқашан өзіммен жұмыс істеуге, бірдеңе болмай жатса да тоқтап қалмауға тырысамын. Бәлкім, жас ұлғайған сайын ойынды тереңірек түсініп, қолайлы сәттерді жақсырақ таңдап, дұрыс шешім қабылдай бастайсың. Осындай көрсеткішке қол жеткізгеніме қуаныштымын, бірақ мен үшін бастысы — тек статистика емес, командаға пайда әкелу.

30 жастан кейін екінші жастық шағыңыз басталғандай әсер қалдырасыз. 30 жасыңызда құрама сапында дебют жасап, 32 жасыңызда мансабыңыздағы, бәлкім, ең үздік маусымды өткіздіңіз. Мұны өзіңіз қалай түсіндіресіз?

- Меніңше, көп нәрсе мамандығыңа деген көзқарасыңа байланысты. Жас ұлғайған сайын күшті қалпына келтіруге, тамақтануға, жаттығуға, өз ағзаңа басқаша қарай бастайсың. Жақсы деңгейде мүмкіндігінше ұзақ қалу үшін не істеу керегін түсінесің. Оның үстіне, жинаған тәжірибе де алаңда көмектесетін шығар. Мен жасты шектеу деп санамаймын. Керісінше, ықылас, күш пен ынта бар кезде жұмыс істеуді жалғастырып, жақсара алатыныңды өзіңе дәлелдеу керек. Құрама сапындағы дебют мен үшін ерекше сәт болды, сол мүмкіндік үшін әрқашан ризамын. Ұлттық құрамаға тағы да шақырту аламын деп үміттенемін.

Клубтың жағдайына оралайық. Ойыншылар құрамы мен ойын сапасына қарағанда, «Жетісу» Премьер-лигадан түсіп қалуға лайық емес еді. Маусым барысында не дұрыс болмады?

- Мен де құрамымыз Премьер-лигадағы орнымызды сақтап қалу міндетін орындауға жеткілікті болды деп санаймын. Мәселе тек футболшылардың деңгейінде болды деп ойламаймын. Футболда көп нәрсе ұсақ-түйекке байланысты. Бірде тұрақтылық жетіспеді, бірде басқа нәтижеге қол жеткізуіміз керек матчтарда ұпай жоғалттық. Жақсы ойнасақ та, істі жеңіске жеткізе алмаған кездеріміз болды, ал мұндай маусымда жоғалған әр ұпайдың маңызы зор. Бәлкім, бізге бірізділік, ал белгілі бір сәтте сенімділік жетіспеген шығар. Бір ғана себепті бөліп айту қиын, өйткені бұл әрдайым бірнеше фактордың жиынтығы. Бірақ нәтиже үшін бәріміз жауаптымыз. Осының бәрі осылай аяқталғаны өте өкінішті, әсіресе бұл клуб, бұл өңір және жанкүйерлер «Жетісуды» Премьер-лигада көруге лайық екенін ескерсек.

Клубта қаржылық қиындықтар бар екені көп айтылды. Олар команданың турнир кестесіндегі қорытынды орнына қаншалықты әсер етті?

- Әрине, мұндай жайттар командаға мүлде әсер етпей қоймайды. Футболшылар да адам, олар үшін алаңнан тыс өмірдегі тұрақтылық маңызды. Бірақ нәтижеміздің бәрін тек қаржылық қиындықтарға жаба салғым келмейді. Көбірек ұпай жинауға мүмкіндігіміз болды, кейбір матчтарда басқа нәтижеге қол жеткізе алатынымызды өзіміз де түсінеміз. Меніңше, турнир кестесіндегі қорытынды орнымызға бір ғана себеп іздеу дұрыс емес. Бұл — бірнеше фактордың жиынтығы, ал ең алдымен біз, футболшылар, алаңдағы міндеттерімізді орындауымыз керек еді.

Соған қарамастан, маусымның соңғы матчтарында футболшылардың финалдық ысқырыққа дейін күрескені көрінді. Демек, ешкім қол қусырып отырмай, бәрі соңына дейін ҚПЛ-да қалуға болатынына сенді ме?

- Иә, дәл солай. Барлық қиындыққа қарамастан, ешкім берілгісі келген жоқ. Қандай жағдай қалыптасқанын түсіндік және оны түзете алатынымызға соңына дейін сендік. Киім ауыстыратын бөлмеде ешкім сағы сынғандай күйге түсіп, күресті тоқтатқан жоқ. Әр матчқа жеңіске деген ұмтылыспен шықтық, мұны жанкүйерлер де көрді деп ойлаймын. Әрине, қазір айту оңай, бірақ біз шынымен де Премьер-лигадағы орнымызды соңына дейін сақтап қаламыз деп үміттендік.

Алдағы мансаптық жоспарларыңыз қандай?

- Қазір алдағы жоспарларымды әлі түпкілікті анықтаған жоқпын. Енді ұсыныстарды бағалап, сөйлесемін де, содан кейін шешім қабылдаймын.

Қарашада 33 жасқа толдыңыз. Өткен маусымдағы жеке көрсеткіштеріңізді қайталауға немесе тіпті одан асыруға күшіңіз жете ме?

- Иә, сөзсіз. Өзімді жақсы сезінемін, қазір жасымды қандай да бір кедергі деп қабылдамаймын. Әрине, көп нәрсе дайындыққа, күшті қалпына келтіруге және келесі маусымның қалай өтетініне байланысты, бірақ ықыласым да, күшім де бар. Оның үстіне, бұл көрсеткіштерді жай ғана қайталап қоймай, одан да жақсара түскім келеді. Меніңше, футболда жас басты өлшем болмауы керек. Өзіңе дұрыс қарап, жұмыс істеп, ынтаңды сақтасаң, дами беруге болады. Сондықтан болашаққа оптимизммен қараймын және әлі талай жақсы маусым өткізгім келеді.