«Мен осында жүргеніме бақыттымын және құрама үшін — бас бапкер, ойыншылар мен осы елдің бүкіл халқы үшін барымды салуға дайынмын. Бұл сәтті асыға күттім және толықтай дайынмын», — деді Уазане марокколық «FRMF» арнасына берген сұхбатында.
Футболшының таңдауы болды: ол Нидерланды құрамасы сапында да өнер көрсете алатын еді. Дегенмен Уазане Марокконың өзіне жақынырақ екенін баса айтты. Ол бұған дейін де түрлі жас санаттары бойынша Марокконың жасөспірімдер құрамаларында ойнаған, ал қазір кезекті қадам жасауға толық пісіп-жетілдім деп есептейді.
«Мен осы ел үшін жанымды беруге дайынмын. Екі жыл бұрын Марокконы таңдағанымды бәрі біледі — себебі де осында. Соңғы екі жылда бәрі өте жылдам өзгеруі мүмкін екенін бәріміз көріп-білдік», — деп атап өтті «Аякс» сапында көзге түскен шабуылшы.
Сонымен бірге футболшы өзінің құрамаға шақырылуы төңірегіндегі ажиотажға берілмеуге тырысады. Ол бас бапкер Мохамед Уахбиге өзінің мықтылығын әлі де дәлелдеуі керектігін түсінеді. «Жасым бәрібір 17-де, маған әлі көп нәрсені үйрену керек — осы жерде жүргенімнің де себебі сол».
Уазане бұл оқу-жаттығу жиынындағы басты міндеті ретінде тәжірибелі әріптестерінен үйренуді атайды. «Мұнда болу керемет, бірақ бұл — үйренуге берілген мүмкіндік. Жігіттердің тәжірибесін бойыма сіңіргім келеді. Мен барымды салуға дайынмын».
