Q Football

«Нефтчи» сүрінді, «Локомотив» камбэк жасады: Өзбекстан Суперлигасының 28-турының шолуы

«Нефтчи» сүрінді, «Локомотив» камбэк жасады: Өзбекстан Суперлигасының 28-турының шолуы
© Tribuna.uz

Чемпионаттың сегіз матчында командалар 13 гол соқты. Тур бірнеше күтпеген нәтижемен, тартысты аяқталған кездесулермен және маусымның аяқталуына екі тур қалғанда чемпиондық бәсекенің шиеленісе түсуімен есте қалды.

Наманганда өткен орталық кездесуде «Навбахор» «Нефтчиді» 3:2 есебімен жеңді. Қонақтар Әлішер Одиловтың голының арқасында есеп ашқанымен, Владимир Йовович алаңнан қуылғаннан кейін он ойыншымен қалды. Жасурбек Жалолиддинов таразы басын теңестірсе, екінші таймда Жоэль Коджо мен Диёр Холматов алаң иелерінің басымдығын арттырды. Коффи Куао есеп айырмасын қысқартқанымен, ферғаналықтар жеңілістен құтыла алмады.

«Локомотив» пен «Пахтакор» арасындағы Ташкент дербиі де тартысты өтті (2:1). Фламарион төртінші минутта-ақ қонақтарды алға шығарды. Алайда «теміржолшылар» кездесудің соңында камбэк жасады. Жасурбек Яхшибоев есепті теңестірсе, Темірқожа Абдухоликов қосымша уақытта жеңіс голын соқты.

«Насаф» өз алаңында «Машъалды» 2:0 есебімен жеңді. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін Юсуф Отубанджо командасын алға шығарса, Аденис Шала төреші қосқан уақытта басымдықты нығайтты.

«Қызылқұм» сырт алаңда «Алмалықты» 1:0 есебімен ұтты. Кездесудегі жалғыз голды 91-минутта Роман Папарига соғып, қонақтарға үш ұпай сыйлады. «Соғдиана» да дәл осындай есеппен «Қоқан-1912» командасын жеңді. Матч тағдырын бұрыштамадан берілген доптан кейін Шахзод Акрамовтың өз қақпасына соққан голы шешті.

«Бунёдкор» Самарқандтың «Динамосын» сырт алаңда 1:0 есебімен жеңді. Кездесудің басты қаһарманы қосалқы құрамнан алаңға шығып, көп ұзамай жалғыз голды соққан Сардор Абдунабиев болды.

Тағы екі кездесу голсыз аяқталды. «Сурхан» мен «Андижан» (0:0), сондай-ақ «Хорезм» мен «Бұхара» (0:0) командалары тең тарқасты.

Турнир кестесі: 1. «Нефтчи» — 64 ұпай, 2. «Пахтакор» — 59, 3. «Навбахор» — 58. Толық кесте осында.

Сұрмергендер: Дориев — 15 гол, Абдухоликов — 15, Перица — 14. Толық тізім осында.

Ассистенттер: Дориев — 10 ассист, Искандеров — 10, Расан — 9. Толық тізім осында.