Төлем мөлшері ойыншының жалақысына байланысты есептеледі. Клуб футболшы алаңға шыға алмаған әр күн үшін 20 548 еуроға дейін өтемақы ала алады, ал бір жағдай бойынша ең жоғары төлем 7,5 млн еуроға жетуі мүмкін.
Қаражат тікелей клубқа төленеді және футболшының тек тұрақты жалақысын өтейді. Бонустар мен басқа да бір реттік төлемдер есепке алынбайды.
Бағдарлама ойыншы ұлттық құрама сапында жүрген кезде алған жаңа жарақаттарға ғана қолданылады. Егер футболшы бұрынғы жарақатын асқындырып алса, әдетте өтемақы қарастырылмайды. Алайда қайталама жарақат алғашқы зақымнан кейін 30 күн өтпей тұрып тіркелсе, ерекшелік жасалуы мүмкін.
Қазіргі халықаралық үзіліс кезінде АПЛ-дың бірнеше футболшысы жарақат алды. Олардың қатарында Бруну Фернандеш, Коди Гакпо, Александер Исак және Кай Хаверц бар. Килиан Мбаппе де жарақат алған ойыншылар тізіміне енді.
Өтемақы футболшы толыққанды жаттығуға немесе матчтарға оралғаннан кейін, оның клубпен келісімшарты аяқталғанда немесе төлемнің ең жоғары шегіне жеткен кезде тоқтатылады.
