Басылым Кишинёвтегі «Зимбру» стадионында өткен кездесуде алаң иелерінің жеңісін ерекше атап өтті. Лилиан Попескудің шәкірттері осылайша турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізіп, топ кестесінде екінші орынға көтерілді.
Матчтың басты кейіпкері Петру Попеску болды. Ол Қазақстан қақпасына екі гол соқты. Әсіресе шабуылшының екінші добы ерекше әдемі шықты. Румынияның «Петрокуб» клубында ойнайтын футболшы оң қапталдан асырылған допқа дер кезінде жетіп, әуеде тұрып соққы жасады. Осылайша Қазақстан құрамасының қақпашысын қапы қалдырды. Ал алғашқы голын ол 39-минутта енгізген еді.
Екінші таймның басында Ислам Чесноков есеп айырмасын қысқартқанымен, Қазақстан құрамасы таразы басын теңестіре алмады.
B92.net басылымының жазуынша, бұл жеңіліс қазақстандықтардың жағдайын қиындатып жіберді. Енді құраманың топта екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алу мүмкіндігі айтарлықтай төмендеді.
