ASnews басылымына берген сұхбатында футболшы «Брюне» клубына оралғаннан кейін ойын тәжірибесін жиі ала бастағанын айтты.
«Жақында клуб ауыстырып, өзім бұрын болған «Брюне» командасына оралдым. Қазір дубль құрамында ойнаймын. Норвегияның төртінші дивизионында жиі алаңға шығамын. Бір нәтижелі пас та беріп үлгердім», — деді Омаров.
Норвегия футбол федерациясының мәліметінше, қазақстандық футболшының «Броддтан» «Брюне» клубына ауысуы 2026 жылғы 8 қыркүйекте тіркелген. Қазір ол резервтік команда сапында ойнайды. Болашақта жасөспірімдер арасындағы жарыстарда да бақ сынауды көздейді.
Омаров — «Астана» клубының түлегі. Норвегияда ол «Брюне» мен «Викинг» командаларында сынақтан өтіп, «Бродд» сапында өнер көрсетті. Данияда өткен халықаралық жасөспірімдер турнирінде екі гол соғып, үш нәтижелі пас берген.
Айта кетейік, Эрлинг Холанд та футболдағы алғашқы қадамын «Брюне» клубында бастаған.
