Словакия ұлттық құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс Қазақстанға қарсы матч алдындағы баспасөз мәслихатында елдегі футболдың дамуын жоғары бағалады. Маманның айтуынша, соңғы онжылдықта мұнда жақсы жағдай жасалған, соның арқасында футболдың жалпы деңгейі айтарлықтай өскен.
Бұдан бөлек, словакиялық маман өзара кездесуден кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтинмен сөйлескенін еске алып, сол кезде алматылықтарға «Селтикке» қарсы ойындарда сәттілік тілегенін айтты. Вайсс «Қайраттың» Чемпиондар лигасына тарихи жолдама алуын бүкіл Қазақстан футболының үлкен жетістігі деп атады. Ол клуб иесі Қайрат Боранбаевтың салған қаржысы, жан-тәнімен берілгендігі мен бастан кешкен өмірлік сынақтары арқылы бұл табысқа толық лайық екенін баса айтты.
Бұрынғы клубындағы барша жанға денсаулық пен амандық тілеген тәлімгер турнирдегі ұпай жоғалтуларға қарамастан командаға қолдау білдірді. Ол соңғы сәтсіздіктерді Сәтпаевтың жарақатымен және ойыншылардың алаңнан қуылуымен түсіндіріп, ойын сапасы бойынша «Қайрат» бұдан да жоғары нәтижеге лайық екенін қосты.
