Q Football

Украина тумасы Сергей Малый Қазақстан футболының тарихын қайта жазды

Украина тумасы Сергей Малый Қазақстан футболының тарихын қайта жазды

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өткізген матчтар саны бойынша жаңа рекордшы туралы 12 қызықты деректі жинадық.

Луганскідегі алғашқы қадамдар. Сергей Луганскіде дүниеге келіп, футболдағы алғашқы қадамын жергілікті ЛВУФК-да жасады.

Тек футболмен шектелмеді. 90-жылдардағы балалардың көпшілігі секілді, ол да әртүрлі спорт секцияларында өзін сынап көрді. Атап айтқанда, спорттық гимнастикамен айналысты.


Үшінші дивизион. Қорғаушы кәсіби деңгейдегі алғашқы матчын 17 жасында Украинаның екінші лигасында жаңадан құрылған Луганскінің «Коммунальник» клубы сапында өткізді.


Футболдағы сан түрлі өзгеріс. 2008–2012 жылдар аралығы Малыйдың мансабындағы ең қызықты кезеңдердің бірі болды. Алдымен футболшы Киев облысының Белая Церковь қаласындағы «Рось» клубына жалға беріліп, кәсіби деңгейдегі алғашқы голын соқты. Маусым қорытындысында «Коммунальник» Бірінші лигаға көтеріліп, Сергей Луганскіге оралды. Алайда командаға қаржы бөлінбей, клуб таратылды. Осыдан кейін Сергей Луганскінің «Зарясына» ауысты, бірақ негізгі құрамнан орын ала алмады. Сондықтан қайтадан Белая Церковьке жалға жіберілді.

Жаңа Отан. 2012 жылы футболшы Қарағандының «Шахтёрына» қаралымға келді. Украиналық ойыншы бапкерлер штабының көңілінен шықты, алайда легионерлерге арналған барлық орын бос емес еді. Осыған байланысты спортшыны натурализациялау туралы шешім қабылданды. Азаматтық ауыстыру рәсімі қысқа мерзімде жүргізіліп, 2013 жылғы маусымға «Шахтёр» жаңа ойыншыны Қазақстан паспорты бар футболшы ретінде тіркеді. Алғашқы маусымында-ақ Малый Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды.

Ұлттық құрамадағы дебют. Натурализациядан кейін көп ұзамай Сергей Қазақстан ұлттық құрамасына шақырыла бастады. Ол құрама сапындағы алғашқы матчын 2014 жылдың 4 наурызында Литваға қарсы жолдастық кездесуде (1:1) өткізді.

Бес клуб және бес чемпиондық. Қарағандының «Шахтёрынан» бөлек, натурализацияланған украиналық футболшы «Ертіс», «Астана», «Тобыл» және «Ордабасы» (қазіргі клубы) командаларының намысын қорғады. Соңғы 13 жылда ол бес рет Қазақстан чемпионы атанды (2016, 2017, 2018, 2021, 2023), тағы бір рет ел Кубогын (2016) және екі рет Суперкубокты (2021, 2022) жеңіп алды.

Украина тумасы Сергей Малый Қазақстан футболының тарихын қайта жазды

Чемпиондар лигасы мен Еурода ойнау арманы. «Клубтық мансабымда Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, мүмкін болса, одан әрі өткім келеді. Ал ұлттық құрама туралы айтсақ, әрине, кез келген ойыншы Еуроға шығуды армандайды. Алдағы матчтарда жеңіске жетіп, қолымнан келгеннің бәрін жасағым келеді. Одан әрі бәрі Алланың қалауымен болады», — деген еді қорғаушы.

Бір қызығы, Малыйға екі арманын жүзеге асыруға да сәл ғана сәттілік жетіспеді. Сергей «Астанаға» клуб Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсеткеннен кейін бір жылдан соң ауысты. ЕУРО-2024 іріктеуінде Қазақстанға турнирге тікелей жолдама алу үшін төрт ұпай жетіспеді, ал плей-офф кезеңінде ұлттық құрама Грекиядан (0:5) жеңілді.

Жаны қазақ. «Біріншіден, мен Қазақстанда ұзақ уақыттан бері тұрып келемін. Менде қос азаматтық немесе басқа нәрсе жоқ, мен толықтай қазақстандықпын. Екіншіден, осында үйлендім, екі балам да осында. Мен бәрін шын жүректен жасаймын. Елге және ұлттық құрамаға деген қарым-қатынасым да шынайы. Неге әнұранды осылай орындаймын? Өйткені мен бұл жерді өзім тұратын Отаным деп санаймын. Мен осы елдің намысын қорғаймын және қолымнан келгеннің бәрін жасауға тырысамын. Себебі мен — қазақстандықпын. Ешкімді алдағым келмейді. Көп адам маған «келімсек» деп жазады. Жарайды, сырттан келген шығармын, бірақ басқа жақтан келген адам да жергілікті тұрғындар сияқты құқықтарға ие — ол азаматтық алады. Бірақ мен мұнда жай ғана тұрып жатқан жоқпын, менің отбасым осында. Адамдар мені әлі де сырттан келген адам ретінде қабылдағанда, шынымды айтсам, маған жағымсыз. Мен әнұранды біреу үшін емес, өзім үшін айтамын. Өзіме бұл бар күшімді салып жүрген елім деп айтамын. Менің үйім осында, болды. Мұны біреу үшін жасап жүрген жоқпын. Маған көп хабарлама келеді, сын да көп, сүйсінетін адамдар да бар. Бірақ мен өзімді алдағым келмейді. Мұның бәрін өзім үшін жасаймын», — деп жауап берген еді спортшы өзіне айтылған сынға.

Сенім — бәрінен биік. Сергей — дінге берік адам. Сұхбаттарында ол Киелі кітаптан жиі үзінді келтіріп, Құдайға алғысын білдіреді. Футболшының Instagram парақшасында «Jesus is King ✝️» және «Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, бүкіл үй ішің де құтқарыласың» деген жазбалар бекітілген.

Спорттық ұзақ ғұмырдың символы. Маусым айында қорғаушы 36 жасқа толды, бірақ ол әлі де «Ордабасы» мен Қазақстан құрамасының негізгі ойыншыларының бірі.

«Мен әрқашан ішкі сезіміме сүйенемін. Футболдан, жұмыстан ләззат алып жүргенімде — осындамын. Өзімнің әлі де дамып келе жатқанымды көремін, бұл маған әрі қарай жалғастыруға күш береді», — деген еді футболшы мансабын жалғастыруға деген ниеті туралы.

«Мұның бәрі Сергейдің өте жауапты кәсіпқой болғанының арқасы. Оның тамақтануына, ұйқысына және қалпына келуіне қалай мән беретінін көрдім, өзім де одан жаңа нәрселер үйрендім. Ол әрбір ұсақ-түйекке дейін мән беретін спортшы әрі жақсы адам. Тағы бірнеше маусым ойнаса, таңғалмаймын. Мәселе Премьер-лигадағы жылдамдықта емес, Малыйдың бірегейлігінде», — деп түсіндірген еді «Ордабасының» бұрынғы қорғаушысы Мамаду Мбодж.

Қазақстан құрамасының рекордшысы. 6 қазанда Малый Қазақстан футболының тарихына ұлттық құрама сапында 77 матч өткізген алғашқы футболшы ретінде енді. Сергей Фарер аралдарына қарсы кездесуді (2:2) негізгі құрамда бастап, гол соқты және қызыл қағаз алды.