Q Football

Фарер аралдары құрамасының бас бапкері Қазақстанмен матч алдында мәлімдеме жасады

Фарер аралдары құрамасының бас бапкері Қазақстанмен матч алдында мәлімдеме жасады
Getty Images

Клакстейн мұндай кесте ойыншыларға да, бапкерлер штабына да қосымша талап қоятынын атап өтті. Дегенмен ол Фарер аралдары құрамасы матчтар арасында құрамды алмастырып отыруға бұрыннан дағдыланғанын жеткізді

- Әдетте біз ойнағанда шамамен он күннің ішінде екі матч өткіземіз де, содан кейін бір апта үзіліс болады. Қазір бәрі басқаша ұйымдастырылған: қыркүйек пен қазан терезелерін біріктіріп жіберді, сондықтан бізде төрт матч бар - 11 күнде төрт ойын, ал бүкіл терезе 16 күнге созылады. Бұл - жұмыс жүктемесі, бұл - үлкен жүктеме, сондықтан бізден де көбірек талап етіледі. Меніңше, бұл тұрғыда бізге көмектесетіні - бұған әжептәуір үйреніп қалғанымыз. Құрамаға келгенде матчтар арасында құрамды ауыстырамыз, кей ойыншыларды ойыннан ойынға алмастырып отырамыз. Бұл - біз қалыптастырған негіз. Біз бір тактиканы, бір ойын стилін ұстанамыз, әрі әркім белгілі бір мөлшерде ойын уақытын алады. Сондықтан бұл бізге көмектеседі. Ауыстыру жасаған кезде ойыншылар не істеу керегін біледі, - деді бас бапкер.

Сондай-ақ Клакстейн неге кейбір қорғаушылардың шақырылмағанына қатысты сұраққа жауап берді. Ол бұл жолы барлық орталық қорғаушылардың қолжетімді болғанын, сол себепті дәл осы позицияда бәсеке күшейгенін айтты.

- Бұл жолы бізде барлық орталық қорғаушылар қолжетімді болды, сондықтан бұл позициядағы бәсеке өте жоғары еді. Сол себепті өзім қосымша ойыншыларды көбірек алып жүруді дұрыс деп таппадым. Бізде қолдана алатын футболшылар жеткілікті. Әр терезеге біз қажет деп санағандарды таңдаймыз, - деді Клакстейн.

Еске салайық, Ұлттар лигасының жаңа маусымын Фарер аралдары құрамасы Қазақстан құрамасына қарсы өз алаңындағы матчпен бастайды. Кездесу 2026 жылдың 26 қыркүйегінде Торсхавнда өтеді.