Еске салайық, ПСЖ-дан ойсырай жеңілгеннен кейін көптеген сарапшы миландық алпауытта түбегейлі өзгерістер болады деп болжаған еді. Алайда Кивудың басшылығындағы алғашқы толық маусымда «неро-адзуррилер» Италия чемпионаты мен Кубогын жеңіп алды.
— «Интер» жаңа чемпионатқа қандай мақсатпен кіріседі?
— Мақсат өзгерген жоқ — А сериясында қайтадан жеңіске жетіп, жүлделерді иеленуді жалғастыру. Мен мұнда бес жыл өткіздім, осы уақыт ішінде түрлі турнирлерде сегіз рет жеңімпаз атанып, Чемпиондар лигасының финалына екі рет шықтық. Оны әзірге жеңе алған жоқпыз, бірақ осы маусымда тырысып көреміз.
— ПСЖ-дан жеңілгеннен кейін көпшілік бұл команданың дәуірі аяқталды деп есептеді. «Интерге» қайта оралуға не мүмкіндік берді?
— Ол кезде расында да «Интер өліп бара жатыр» деген сөздер айтылды. Бірақ біздің команданың мінезі мықты. Қиындықтар туындаған кезде оған жауап бере аламыз. Көптеген футболшы бізбен бірге ұзақ уақыттан бері ойнап келеді, бір-бірін жақсы біледі және күрделі жағдайларда қалай әрекет ету керегін түсінеді. Бізді өзгелерден ерекшелендіретін де осы.
— Кристиан Киву келгеннен кейін не өзгерді?
— Оның тәсілі өзгеше. Ол үшін алаңда болып жатқан жағдай ғана емес, адамның көңіл-күйі де маңызды. Ол өзіңді қалай сезініп жүргеніңді сұрайды, сенім береді және тыңдауға дайын. Футболдан тыс уақытта Киву ойыншылар үшін ағасы немесе досы секілді. Ол маған бірқатар мәселелерді шешуге көмектесті, сол үшін оған алғысым шексіз.
— Демек, оның әдістері Симоне Индзагидің жұмысынан айтарлықтай ерекшелене ме?
— Индзаги туралы жаман ештеңе айта алмаймын. Мені «Интерде» көргісі келген де сол еді. Оның кезінде футболшы ретінде де, адам ретінде де өстім. Киву жай ғана басқаша жұмыс істейді: ол ойыншының жеке басына көбірек көңіл бөліп, команда ішінде ерекше атмосфера қалыптастырады.
— «Интер» Италияда қайтадан үстемдік ете ала ма?
— Біз дәл осыған ұмтылып жатырмыз. Бұл оңай болмайды, өйткені қарсыластар да күшейіп келеді. Мысалы, «Аталанта» мен «Фиорентина» жақсы футболшылар сатып алып жатыр. А сериясының өзі әлі де өте мықты турнир. Мен үшін ол Англия және Испания чемпионаттарымен бірге әлемдегі үздік үш лиганың қатарына кіреді.
— Мансабыңыздағы ең мықты серіктестер деп кімді атар едіңіз?
— Клуб деңгейінде Сон Хын Мин, Златан Ибрагимович және Маркус Тюрамды атап өтер едім. Түркия құрамасында — Арда Туран, Эмре Белёзоглу және Кенан Йылдыз.
P.S. 22 тамыздан бастап Qsport арналары А Сериясының ойындарын тікелей эфирде көрсетеді.
«Интер» тағы да чемпиондыққа таласады

Италияның қазіргі чемпионы 22 тамызда жаңа маусымды «Монцамен» өз алаңындағы матчпен бастайды. Ойын қарсаңында Хакан Чалханоглу beIN Sports Australia басылымына миландық клубтың мақсаттары, Кристиан Кивудың рөлі және Чемпиондар лигасының финалындағы 0:5 есебінен кейін көпшілік есептен шығарып тастаған команданың қайта түлегені туралы айтып берді.