Q Football

Челси АПЛ-дегі төрт жас жартылай қорғаушыны бақылап жүр

Челси АПЛ-дегі төрт жас жартылай қорғаушыны бақылап жүр
Getty Images

Лондондық клуб алаң ортасын күшейтудің ықтимал нұсқаларын қарастырып, бірнеше перспективалы футболшыны анықтап қойды.

Ақсүйектердің назарындағы ойыншылар қатарында «Ньюкасл» сапындағы Льюис Майли, «Фулхэм» сапындағы Джош Кинг, «Арсенал» футболшысы Майлз Льюис-Скелли және «Эвертон» ойыншысы Гаррисон Армстронг бар.

Журналист Саймон Филлипстің дерегіне сүйенсек, клуб бұл футболшылардың әрқайсысына қатысты есептерді тұрақты түрде алып отырады. «Көктердің» скауттары олардың даму барысын қадағалап, болашақта келісімшарт ұсыну мүмкіндігін саралап жүр. Қазірше нақты ұсыныс жасалды немесе келіссөз басталды деген әңгіме жоқ - сөз тек мониторинг туралы.

«Челси» әсіресе Майлз Льюис-Скеллиге айрықша мән беріп отыр. Лондондықтар 19 жастағы жартылай қорғаушыны бұған дейінгі трансферлік терезелерде де бақылап, тіпті оның өкілдерімен байланысқа шыққан. Дегенмен, ол әзірге «Арсенал» ойыншысы болып қала береді және негізгі құрамдағы орнын алу үшін күресін жалғастырып келеді.

Льюис Майли мен Джош Кинг қазір тиісінше «Ньюкасл» мен «Фулхэм» жейдесінде өнер көрсетеді. Екеуі де Англияның жастар құрамаларында ойнаған, болашағы зор футболшылар ретінде бағаланады. Майли ересектер деңгейінде біраз тәжірибе жинап үлгерсе, Кинг «дачниктердің» сапында біртіндеп тұрақтап келеді.

Бұл тізімдегі тағы бір кандидат - «Эвертонның» Гаррисон Армстронгы. 19 жастағы орталық жартылай қорғаушы Дэвид Мойес командасында тұрақты ойнап, бірнеше клубтың назарын өзіне аударған. Өткен жазда «Ноттингем Форест» оны алуға талпынып, шамамен 40 миллион фунт ұсынғанымен, келісім жүзеге аспады.