Foot Mercato дерегінше, футболшылардың ешқайсысы жалақысын қысқартуға келісім бермеген. Соған қарамастан, клуб жаз бойы жалпы жалақы қорын шамамен 30% қысқарта алды. Соңғы трансферлік терезеде «Марсель» жаңа ойыншы алмастан, құрамдағы бірқатар футболшымен қоштасты. Клубтан кеткендердің ішінде Мейсон Гринвуд пен Пьер-Эмерик Обамеянг та бар.
Дегенмен қабылданған шаралар «Марсельдің» қаржылық жағдайын бақылаушы органның назарынан толық шығарған жоқ. ДНСЖ талаптарына сәйкес, клубтың жалақы бюджеті шамамен 100 миллион еуро деңгейінде болуы керек, ал қазіргі көрсеткіш 120 миллион еуроға жуық деп бағаланып отыр.
Сонымен қатар 2027 жылдың жазына дейін «Марсель» бюджет тапшылығының бір бөлігін жабу үшін футболшыларды сатудан шамамен 80 миллион еуро табуы тиіс. Клуб үшін қаржылық түйткілді шешуде тек жалақыны қысқарту жеткіліксіз екені айтылып отыр.
ДНСЖ-ның келесі тексерісі желтоқсан айының басына жоспарланған. Сол уақытқа дейін «Марсель» басшылығы жағдайды түзету бағытында нақты ілгерілеу барын көрсетуі қажет.
«Лига 1»-дің биылғы маусымында «Марсель» 12 ұпаймен турнир кестесінде тоғызыншы орында келеді.
