«Чемпионат аяқталғаннан кейін футболшыларға бірнеше күн демалыс берілді. Кейбір ойыншылар 3-4 күн тынықты. Сондықтан оқу-жаттығу жиынын ертерек бастадық. Мақсатымыз - футболшыларды қайтадан бабына келтіру.
Кейін «Ордабасы» мен «Қайрат» ойыншылары қосылды. Шетелде ойнайтын футболшылар кеше келді. Қазір құрамның басым бөлігі жиналды. Тек Нұралы бүгін кешке келеді, ертеңнен бастап жаттығуға кіріседі.
Жаттығу жақсы өтіп жатыр деп ойлаймын. Ең алдымен, біз үшін табиғи алаңда дайындалу маңызды болды. Молдовамен сырт алаңда ойнаймыз, ол жерде де табиғи алаң болады. Мұндағы ауа-райы да Астанамен салыстырғанда жаттығуға қолайлы. Сондықтан жиынды осы жерде өткізуді жөн көрдік. Молдовадағы ойыннан кейін Астанаға оралып, келесі матчқа дайындаламыз.
Қазір біздің басты назарымыз Молдовамен өтетін матчта. Өйткені алдағы ең маңызды ойын - осы. Ал жеңіске жетсек, екінші орынға таласу мүмкіндігіміз сақталады. Бұл футболшылардың мотивациясы үшін де маңызды. Ойыншылар да, бапкерлер штабы да жеңіске жеткісі келеді. Әсіресе жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді»,— деді 62 жастағы Нидерланд маманы.
Біздің жігіттер Ұлттар лигасы аясында 13 қараша күні Молдоваға қарсы сырт алаңда ойнайды. Одан кейін араға үш күн салып «Астана Аренада» Словакияны қабылдайды.
Төрт турдан кейін екі ұпай жинаған отандастарымыз топта соңғы төртінші орынға жайғасқан.
