Q Football

УЕФА «Манчестер Ситиге» қатысты шешім қабылдамас бұрын апелляция қорытындысын күтеді

УЕФА «Манчестер Ситиге» қатысты шешім қабылдамас бұрын апелляция қорытындысын күтеді

УЕФА «Манчестер Ситидің» қаржылық ісіндегі жағдайды бақылап отыр, алайда әзірге жеке шара қолдануды жоспарлап отырған жоқ. Ұйым алдымен Англиядағы тәртіптік процестің аяқталуын күтіп, содан кейін клубқа қатысты ықтимал салдарды бағаламақ.

Тәуелсіз комиссия бұған дейін «Ситиді» 2009-2018 жылдар аралығында АПЛ-дың қаржылық ережелерін өрескел бұзды деп таныған. Анықталған эпизодтардың арасында УЕФА-ның қаржылық фэйр-плей талаптарына қатысты заңбұзушылықтар да бар.

«Манчестер Сити» бұл шешіммен келіспей, апелляция берді. Клуб өзінің кінәсіздігін дәлелдейтін көптеген айғақ бар екенін айтып, комиссия қорытындысына барлық қолжетімді құқықтық жолмен қарсылық білдіруге ниетті.

«Сити» мен УЕФА арасындағы қаржылық даулар бұған дейін де болған. 2020 жылы клуб еурокубоктардан екі жылға шеттетіліп, айыппұл салынған еді. Алайда Спорттық арбитраждық сот бұл жазаны алып тастап, айыппұл көлемін 10 млн еуроға дейін қысқартты. Сол кезде айыптаулардың бір бөлігі дәлелденбесе, кейбірінің ескіру мерзімі өтіп кеткен болатын.

Қазіргі жағдайдың ерекшелігі — АПЛ тергеуі қосымша құжаттар мен дәлелдерге қол жеткізгені айтылады. Сонымен қатар УЕФА регламентінде бес жылдық ескіру мерзімі қарастырылған, ал Премьер-лигада мұндай шектеу жоқ.

Апелляцияның аяқталу мерзімі де маңызды мәселе болып отыр. Қолданыстағы ережелер бойынша процесс жыл соңына дейін аяқталуы мүмкін. Алайда «Сити» істің жаңа тәртіп енгізілгенге дейін басталғанын алға тартып, жеделдетілген рәсімнің қолданылуына қарсылық білдіруі ықтимал.

Сондықтан дауға қатысты түпкілікті шешім 2027 жылы ғана шығуы мүмкін. Ал УЕФА қазіргі ұстанымына сәйкес Англиядағы процестің толық аяқталуын күтпек.