Q Football

Невилл «Манчестер Юнайтедтің» екі қорғаушысын сынға алды

Невилл «Манчестер Юнайтедтің» екі қорғаушысын сынға алды

Гари Невилл «Ливерпульден» жеңілген матчта Маттейс де Лигт пен Лени Йоро қорғаныста қарапайым қателер жіберді деп есептейді. Олардың бірі қызыл қағазға ұласты.

Бұл Маурисио Почеттиноның «Манчестер Юнайтед» басындағы алғашқы ойыны еді. «Энфилдтегі» матчтың алғашқы 10 минутында қорғаушылар қарсыласқа мүмкіндік беріп қойды: төреші Сэм Барротт француз қорғаушысы Йороға бірден қызыл қағаз көрсетті. Артынша Доминик Собослаи айып добынан гол соқты. Көп ұзамай Флориан Вирц алаң иелерінің басымдығын екі еселеді.

Осы эпизодты Sky Sports эфирінде талдаған Невилл қорғаушылар сыртынан асырылған допқа де Лигт пен Йороның әрекетіне тоқталды. «Бұл — қорғаныс сыртынан асырылған кәдімгі доп. Әуелі де Лигт қателесті. Йоро ортаға жақынырақ тұра алар еді, ал де Лигт доптан тым алыста қалды. Содан кейін Йоро қарсыластың жолын жабуға ұмтылды, бірақ кеш қимылдады, қауіпті алдын ала сезбеді. Исак Йоро өзіне соғылсын деп баяулаған шығар, бірақ Йоро аңғалдық танытты», — деді ол.

Невилл де Лигттің біраз уақыт ойнамағанын ескергенімен, екі қорғаушының әрекетін ақтай алмады. «Де Лигт доптан тым алыста қалды. Ол біраз уақыт ойнамаған, сондықтан оны түсінуге болады. Бірақ екеуінің арасынан допты өткізіп алу — кешірілмейтін қателік. Бұл сұмдық. «Манчестер Юнайтедте» осындай қорғаушылар болса, команда қақпасын голдан сақтай алмайды. Өз орныңда қалай ойнау керегін білу — қорғаныстың негізі. Бұлар қорғаныста ойнауды мүлде үйренбегендей», — деді Невилл.

Рой Кин де қорғаушылардың қауіпті сезбегеніне таңғалды: «Төрт қорғаушымен ойнайсың ба, бесеумен ойнайсың ба — бәрібір. Ең алдымен қарапайым міндетіңді дұрыс атқаруың керек».